ӘЙЕЛІН ӨЛТІРУГЕ ӘРЕКЕТ ЖАСАҒАНЫ ҮШІН 9 ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ

246
Мұхтарды  «әйеліңнің көңілдесі бар» деген айналасындағылардың күңкіл сөздері ығырын шығарып жібереді. Ол аздай телефонына тыным жоқ. Тоқтаусыз шырылдаған соң тұтқаны өзі алады. Ар жағында ер адамның дауысы.
 – Гүлнұр бар ма?,-деп сұрайды. 
-Сен кімсің? ,-дейді Мұхтар. Оған әлгі еркек еш  қымсынбастан өзін жігітімін деп таныстырады. Ашуға булыққан күйеуі смартфонды лақтырып, әйеліне бас салады. Сөзге келместен қолына іліккен ас үй пышағын ішіне сұғып алған. Сөйтіп аз уақытта үй іші азан-қазан күйге түседі. Жедел-жәрдем көлігі Гүлнұрды ауруханаға әкетіп, балалары әкесінің қаһарына ілікпес үшін түкпір бөлмеге тығылады. Өз-өзіне есеп бере алмай ашуға булыққан Мұхтардың қолына кісен салынып, сол күні қамаққа алынады. 
Балалардың бақытына орай аналарының жарақаты жеңіл боп көп ұзамай отбасына оралған.


Ал Мұхтар болса адам өлтіруге  әрекет жасағаны үшін 9 жылға бас бостандығынан айрылып, Қызылордадағы ЗК-169/5 мекемесіне қамалады. 

-    Гүлнұр маған кездескенге дейін тұрмыста болған. 2 баласымен ажырасқан екен. Менде үйленіп ажырасқанмын. Жүрегімнің қалауымен оны өзіме жар етіп алдым. Екеуміздің арамызда екі ұл бар. Оның екі баласын бауырыма басып, өз тегіме жаздырдым. Сонымен екеуміз бірге 4 баланы жеткізіп келе жатқанбыз. Соңғы орын алған жағдайдан бұрын сол көңілдесінің кесірінен екі жаққа кеттік. Сосын араға 3-4 ай салып оны ақылға шақырайын, түсінісейік деп алып кетуге барған бетім болатын. Телефонына сол көңілдесінің хабарласуы ол ойымды өзгертіп жіберді. Өз әрекетіме әлге дейін өкінемін. Ендігі мақсат жаза мерзімім аяқталған соң отбасыммен қауышу. Балаларыма жақсы әке үлгісін көрсету. Жұбайымның қателіктеріне кешіріммен қарап, бақытты отбасы ретінде жаңа өмір бастағым келеді,- дейді Мұхтар өкінішпен күрсініп.  


Бүгінде Гүлнұр Мұхтармен таксафон арқылы жиі сөйлесіп тұрады.  Кірбің ұялаған көңілдердегі күмән сейілген. Жұбайы балаларын ертіп ұзақ мерзімді кездесулерге келіп жүр. 

ЗК-169/5 мекемесі