Қарағандылық зейнеткер қаңғыбас итті тамақтандырамын деп айыппұл арқалады

293
Қарағандыда зейнеткерге қаңғыбас итті тамақтандырғаны үшін айыппұл салынды. Көршілері оны ауланы ластады деп айыптап, полицияға шағымданған, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.

"Айыппұл... Мен зейнектермін. Алатын зейнетақым - 60 мың теңге. Айыппұл болса 15 мың теңге. Жануарларға сүт құйып бергенім үшін айыппұл арқаладым. Егер оларды біреу қабылдаса, қуанар едік. Неге олардың қиналып жатқанын көруіміз керек? Қарындары ашып жылай бастағанда, сосын аштықтан өліп жатса, оған кім қарап тұра алады?" — дейді Ольга Баркова.

Аула тұрғындарының пікірі екіге бөлінді. Кейбіреуі итті тамақтандырудан қылмыстық іс-әрекет байқамайтынын жеткізді. Қалғаны оғаш қылық көрсете ме деп иттен қорқады әрі жануардан тезірек құтылғылары келеді.

"Күшіктеріне бола солай ырылдайды. Балалар жақындаса ырылдай бастайды. Өз басым немеремді ертіп далаға шыққанға қорқамын. Жануар бір ай бойы осы жерде болғандықтан, жергілікті учаскелік қызметкеріне хабарластық. Ал айыппұлға келетін болсақ, оны құзырлы орган шешеді ғой. Біздің оған еш қатысымыз жоқ", — дейді тұрғын Насился Бейсембаева.

Тұрғындар қаңғыбас жануарларды қабылдайтын жерлерге бірнеше рет хабарласқанын жеткізді. Тіпті әлеуметтік желі арқылы хабарландыру таратқан көрінеді. Бірақ жануарларға арналған барлық баспана толып кеткен екен. Еріктілер егер қаңғыбас иттерді біреу асырап алатын болса тегін зарарсыздандырып беруге уәде берді.

Зейнеткерден басқа тұрғындар да итке тамақ бергенімен, айыппұл тек зейнеткерге тағылған.

Өз кезегінде зейнеткер сот шешіміне шағымдануға ниетті.