"Беделі түсіп барады": Белгілі депутат жастардың неліктен әскерге барғысы келмейтінін айтты

276
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында қазіргі жастардың неліктен әскерге барғысы келмейтіні жайлы сөз қозғады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.

Белгілі депутаттың сөзінше, әскерде қатардағы жауынгерлерге қатысты жарғыдан тыс қатынастар ушығып тұр.

"Баласын мемлекетке сеніп тапсырған аналар баласын жоқтап жыламауы керек! Соңғы кездері қарулы күштердің беделі түсіп барады. Балалар армия қатарына баруға зауқы жоқ. Өйткені, өкінішке орай, қарулы күштер қатарында келеңсіз оқиғалар жиі кездеседі", - дейді ол.

Осы орайда Ерлан Сайыров қазақ әскерінің абыройын арттыру бәріне ортақ міндет екенін жеткізді.

"Қарулы күштеріміз біздің қалқан екенін ұмытпауымыз керек! Қарулы күштердің беделін арттыру барлығымыз үшін ортақ міндет. Сонымен бірге Қарулы күштер басшылығы, командирлер қатардағы жауынгерлердің өмірі мен моральдық бет-әлпеті үшін жауапты екендігін ұмытпауы тиіс", - дейді мәжіліс депутаты.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жамбыл облысындағы Гвардейск әскери қалашығындағы госпитальде мерзімді әскери қызметке шақырылған сарбаз Әлібек Қалбай көз жұмған болатын.

 
Кейін 18 жастағы жігіттің жеңгесі KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, сарбаз өлімінде шикілік барын айтты.

Бұл жайт президентті де бей-жай қалдырмады. Мемлекет басшысы Бас прокуратура мен Қорғаныс министрлігіне және құзырлы органдарға жауынгердің өліміне қатысты жан-жақты тексеру жүргізуді және шынайы себебін анықтауды тапсырды.