"Украинаға қарап, ойланыңдар!" Ресей тележүргізушісі Қазақстанға сес көрсетті

468

Ресейлік тележүргізуші, белгілі режиссер Тигран Кеосаян Қазақстанға ашулы үн қатты,- деп хабарлайды Экспресс К сайты.


Ол өз мәлімдемесі арқылы қазақтарға сес көрсеткен

Ресей тележүргізушісінің мәлімдемесі әлеуметтік желіде тарады. Онда ол "Украинаға қарап, жақсылап ойланыңдар, оң-солдарыңды дұрыстап таныңдар" деген мағынада қатқыл үн қатқан.


"Қазақтар, алғыстарың қайда? Сендер Ресейді дүниежүзінен жоқ болып кетеді деп ойлайсыңдар ма? Украинаға қараңдар да, жақсылап ойланыңдар. Біздің жауапты тұлғалар біздің қарым-қатынасымызды қайта қарауы керек,
— дейді Тигран мәлімдемесінде.

"Қателесесіңдер! Сендерде әлі уақыт бар. Соңғы вагонға үлгеріп қалуларың да мүмкін. Қазір үлкен соғыс жүріп жатыр. Осы орайда, бізді кім қолдайтынын дұрыстап бақылау керек. Жетер! Өтірік ойнап болған шығарсыңдар. Билікті құтқарып, былығыңды реттеуге қайтарымсыз көмек сұрауларыңды доғарыңдар! Парад өткізбейміз дегендерің не?", — деген ашулы сөзімен қорытындылайды мәлімдемесін.


Аталған жайт қоғамда қызу талқылануда. Тіпті көптеген желі қолданушыларының ашуына тиюде. ЭК осы мәселеге қатысты белгілі саясаткерлердің пікірін білуге тырысты. Ел азаматтары бұл жағдайға салқынқандылықпен қарау керек дегенді алға тартып отыр.


Саясаттанушы Расул Жұмалы бұл мәлімдеменің нобайы түсінікті деп отыр. Оның айтуынша, арандату мақсатында Ресей тарапынан көршілеріне осындай сес көрсету, ашық қорқыту, қауіп төндіру, қысым көрсету, жерлерін иемденіп аламыз деген әңгімені алға тарту сынды саясат жүргізіліп отырғанына 10 жыл болды.Әрине, мұның артында баяғы Кеңес Одағын қайта құру немесе "Орыс әлемі" жобасын іске асыру тұрғаны белгілі,- дейді ол.

Оның айтуынша, одан түк шықпайтынының айқын дәлелін Украина көрсетіп отыр. Сондықтан мұндай дүниелерге салқынқандылықпен қарауымыз керек.


Керісінше оған симметриялық жауаппен үн қатқанымыз жөн, Әр "шавкамен" салғыласып отыратын заман өтті. Ол өз-өзіңді сыйламау. Қатардағы тележүргізушінің сөзіне уақыт шығындау. Тіпті "өздеріңе қарап алыңдар, біз ондай емеспіз" деп ақталу да артық,- дейді саясаттанушы.

— Яғни, елімізде соның бағдарламасы қай телеарнадан шығады, Рен-ТВ-ма соны жабу керек. Солтүстік өңірлерге қатысты қатқыл сөздер НТВ-дан шыға ма, сол телеарнаны жабу керек. Осылай шешілсе олар өздері-ақ түсінер еді. Осы жерде бізге Ресейдің ақпараттық кеңістігінен шығатын кез жеткенін ескерген абзал. Тәуелсіздігімізді тек саясат пен экономикада ғана емес, ақпараттық салада да көрсетуіміз тиіс. Біз әлі де Ресейдің ақпараттық кеңістігіне тәуелдіміз. Осыдан құтылу керек. Жаппай жауып тастамаса да, шектеу қойылса. Қазақтың ұлттық мүддесіне сай ақпараттық кеңістік жасақтауымыз керек, — дейді Расул Жұмалы.