"Демала алмай қиналып жатты": Алматы облысында он жылдан соң әрең сүйген сәбилерінен айырылып қалған отбасы оның өліміне дәрігерлерді кінәлайды
364
Алматы облысында Мамырбаевтар отбасы он жылдан соң әрең сүйген сәбиінен айырылып қалды. Қайғы жұтқан жанұя балаларының шетінегенін дәрігерлерден көріп отыр. Сөздерінше, бала ауруханаға барғанда есін біліп, шырылдап жылаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Бірақ дәрігерлер қарағаннан кейін бірнеше сағаттан соң ұлымызды танымай қалдық дейді. Есінен танған Мансур арнайы аппараттың көмегімен демалып жатыпты. Нәрестінің ата-анасы баланы мамандар не құлатып алды, болмаса наркозды мөлшерден көп салды деп күдіктенеді.
Баян мен Тілеуберді сәбиін Алматы облыстық балалар ауруханасына апарғандарына қатты өкінеді. Онда бармағанымызда баламыз тірі қалар еді деп ойлайды. Айтуларынша, сол күні сәбилерінің ыстығы көтеріліп, жедел жәрдем шақыртыпты. Бірақ дәрігерлер келгенше баланың ыстығы түскен. Сонда да анасы шақалақты ақ халаттыларға көресетіп алайын деп, ауруханаға апарыпты.
“Баланың сартурациясы жақсы болған. 95-96 болған. Біздің көзімізше тексерген. Жарты сағаттан кейін реанимацияда жатты. Үш сағаттан кейін операция жасау керек дейді. Мен айттым, операция жасамайық, баланы маған беріңдер дедім. Баланың жағдайын көрсетті. Ол демала алмай қиналып жатты. Сендер не істедіңдер, үш сағаттың ішінде балаға деп жылап айттым. Бізге айтпай, біздің рұқсатымызды алмай, негізгі күдігім наркоз салды деп ойлаймын. Не болмаса құлатып алды”, – дейді Тілеуберді Мамырбаев.
Ал сәбиге ота жасаған дәрігер баланың жағдайы ауыр болды. Оның үстіне жеті айлық сәби отаны көтере алмады дейді.
“Бала көтере алмады, өйткені ол әлсіз. Ішектің бір бөлігі қысылып, нәжіс, газ өтпей қалған. Түсініп отырсыз ба? Ішектің қысылған жері қарайып кеткен. Өйткені қан жүрмей қалған. Біз сол қарайып кеткен жерін алып тастадық да, ішегін жалғадық”, – дейді Алматы облыстық көпсалалы балалар ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Ертай Ерболғанов.
Бірақ баланың ата-анасы сәбидің жағдайы ауыр болды дегенмен келіспейді. Себебі, дәл сол ауруханаға түсетін күні ғана Талдықорған қалалық емханасының хирургіне баланы тексерткендерін айтады.
“Қағаз жазып, экстренный болса сразу жіберемін, ол кезде экстренный жалоб, жағдай ондай болған жоқ”, – дейді Талдықорған қалалық емханасының хирургі Тұрсынғали Сұрамбеков.
“Жазаларын тартсын. Ұлым қайтыс болды, сонымен кішкентай балаларды өлтіру тоқтасын”, – дейді Баян Мамырбаева.
Айта кетейік, былтыр Алматы облысында 24 ана мен бала өлімі болған. Бірақ сотталған дәрігерлер жоқ. Ал кішкентау Мансур қайтыс болған ауруханадағы камералар үш-төрт айдан бері істемей тұр екен.