"Анашым, маған қысым көрсетті": Шымкенттегі әскери бөлімдердің бірінде сарбаз өзіне қол салмақ болған

412

Шымкентте әскери бөлімдердің бірінде сарбаз өзіне қол салмақ болған. Бұл туралы сарбаздың анасына бөлім қызметкері айтқан. Гүлнұрдың сөзінше, ұлы әскерге қуана-қуана барған, тіпті келісімшарт бойынша қалуды да жоспарлаған. Алайда бар болғаны бес күннен кейін баласы психиатриялық ауруханаға жатқызылған. ММА-ден түрлі жарыстарды жеңген ұлы өзіне қол салмақ болуы да мүмкін емес дейді ана, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Elitar.kz басылымына сілтеме жасап. 

сарбаз
Гүлнұрдың айтуынша, ұлы 23 сәуірде қоңырау шалып, өзінің Сәуле шағын ауданындағы әскери бөлімде екенін жеткізген. Алайда біреу ұлының қолынан телефонды жұлып алған. 


"28 сәуірде хабарласып, ұлымның суицид жасамақ болғанын, оның ойынқұмар, өмір сүргісі келмейтінін айтты. Дәл қазір барамын деп айттым. Балам да менен тезірек келуімді сұрады. Жеткен бойда ұлымды прокуратураға алып кеткен, әрі қарай психиатриялық ауруханаға баратынын мәлімдеді. Олар мені де алдады. Бастапқы тек психолог тексерген соң, бөлімге қайтып келеді деген. Таңғы 07:00-ден бастап менімен біреу сөйлеседі екен деп күттім. Мұнда түсініксіз жайт орын алып жатыр", – деді Гүлнұр.


Сарбаздың анасы өзін майор деп таныстарған азаматтың құжаттарды алып келгеннен кейін балағаттағанын айтады. 

"Ұлымды әкетіп бара жатқанда, "Анашым, мені алып кет, мен басқа бөлімде қызмет етемін. Айтуға мұрсат беріңдер, маған Тұртанов қысым көрсетті. Бес офицер мені бөлмеге алып барды, шешіндіріп, өліміме ешкім кінәлі емес деген қолхатты жазуға мәжбүрледі. Бөлменің есігін жауып қойды, осы кезде тірі шықпайтынымды білдім. Сондықтан қолхатты жаздым. Бөлмеден шыққанда Тұртанов "Ана жақта ештеңе айтпа. Бірдеңе айтсаң, өлтіремін" деді", – деп айтты. Сонымен қатар Тұртанов "Ант қабылдаған соң, барлықтарың менің қызым боласыңдар" деген екен", – дейді Гүлнұр.


Ұлын басқа бөлімге ауыстыруды талап етіп келгенінде, өзіне де психологиялық қысым жасалған. 


"Бөлім командирімен кездесуге мүмкіндік бермеді. Ұлымның ойынқұмар екенін, үш миллион теңге қарызы барын, өзіне қол жұмсамақ болғанын айтып қысым жасады. Мен ұлымды жақсы білемін, қандай қарызы барын да білемін. Сондықтан мұны дәлелдей аламын. Мұндай қарызы жоқ", – деп шағымданды анасы.

Ал әкесі баласының артық істерге уақыты болмағанын айтады. 

"Біз ауылда тұрамыз. Ұлым оқудан басқа уақыттың барлығын менімен өткізеді. Ауылда жұмыс көп, өздеріңіз білесіздер, ол шөп таситын. Қайдағы ойынқұмар, қайдағы нашақор", – дейді әкесі.

Ал қарындасының сөзінше, ағасы 450 мың теңгеге телефон алып берген. 

"Әскерге кетер кезінде несиені уақытылы кім төлейді деп уайымдады. Алайда анам барлығын өздері жабатынын айтты. Басқа қарызы болмайтын", – дейді қарындасы

Ал бөлім командирі, полковник Нұркен Қарағұловтың айтуынша, сарбазды құтқару үшін мамандандырылған мекемеге орналастырған. 

"Ұлдары әскерде қызмет еткісі келмегендіктен, өзіне қол салмақ болды. Тіпті шынайы себебін де атады, ал мен мұны ата-анасына жеткіздім. Әрине, олар бұған сенгілері келмейді. Суицид жасауды жоспарлағандықтан, мамандандырылған медициналық мекемедегі психиатрларға табыстады. Себебі бізде 24 сағат жанында болатын мүмкіндік жоқ. Осындай шара қабылдауға мәжбүр болдық", – деді ол


Сонымен қатар сарбазға қысым көрсетілгені туралы айтып, құр сөзге сенуге болмайтынын мәлімдеді. 


"Мен ол сарбазды жақсы білемін, бізде 12 жыл қызмет етті. Взводты басқарады, қол астына дәл осындай 40 жігіт бар. Алдағы уақытта әскери полиция тергеу жүргізеді. Әскери прокуратура да қосылды. Нәтижесі бойынша шешім қабылданады. Егер шынымен кінәлі болса, жауапқа тартылады", – деп қосты полковник

Сарбаздың ата-анасы басшылықтың жауапкершіліктен құтылу үшін осылай жасап отырғанын мәлімдеді.


"Бізге ең жақсы нұсқа психикалық науқас екеніне келісу деді. Бір ай мекемеде жатқан соң, тағы бір айға Нұр-Сұлтанға жібереді. Сол жақта тексеріп, әскерге жарамсыз деп шығаратынын айтты. Егер дені сау деп көрсетсе, әскерде қызмет етуден қашқаны үшін екі жылға абақтыға қамайды. Кейін қайта борышын өтеуге тура келеді деді. Әрі басқа бөлімге ауысса, неліктен ауысқанын сұрап, балама шүйлігеді. Сондықтан баламды психикалық науқас екеніне келісу керек дейді. Алайда мен прокурормен сөйлестім, балама қысым жасалғаны дәлелденсе, барлығы жауапқа тартылады. Осы себепті олар баламды науқас етіп көрсеткісі келеді", – деп түйіндеді ана


Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысындағы сарбаздың өліміне қатысты күдіктінің анықталғаны туралы хабарлаған едік.