Қызылордада Халықаралық жастар күніне орай «Жастармен бірге!» атты гала-концерт өтті

2 267

Фото: stan.kz12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай Қызылорда қаласында ерекше форматтағы мерекелік гала-концерт ұйымдастырылды. Ашық аспан астында өткен мәдени іс-шара “Достық үйі” ғимаратының алдында өтті. «Жастармен бірге!» атауымен өткен бұл кеш аймақ жастарына арналған ұмытылмас мәдени кешке айналды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Жастар – елдің қозғаушы күші

Мерекелік іс-шараға қатысқан Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет барша жасты айтулы мерекемен құттықтап, жастардың ел болашағындағы рөліне айрықша тоқталды.

«Жастар – қашанда асқақ арман мен үміттің, биік ар мен өр намыстың символы. Қай елдің болмасын басты капиталы – халқы десек, соның ішінде жастар – қоғамның жетекші күші ретінде елдің дамуы үшін жауапты екені сөзсіз», – деді өңір басшысының орынбасары.

Жергілікті өнерпаздар – жастар мерекесінің шырайын кіргізді

Кештің концерттік бағдарламасы жергілікті жас таланттардың өнерімен өрнектелді. Сахна төрінде өнер көрсеткен: Жарасхан Төлебай, DJ Jako, Axallek, Есқара, Бекзат Молдабергенов сынды жастар көрермен ықыласына бөленіп, заманауи ырғақты әндер мен әуезді шығармалар арқылы кештің көркін ашты.

Кештің жүргізушілері Әліби Басаров пен Нұрлан Сипанов жастармен интерактивті форматта байланыс орнатып, кештің көтеріңкі көңіл күйде өтуіне себепкер болды.

Шоу хедлайнері – “6ELLUCCI” тобы

Кештің басты ерекшелігі – Сыр өңірінен шығып, бүгінде республика көлемінде танымалдыққа ие болған “6ELLUCCI” музыкалық тобының жарқын өнер көрсетуі болды. Топтың сахналық шоуы мен музыкалық бағдарламасы жастардың ерекше қошеметіне ие болып, мерекелік кештің шарықтау шегіне айналды.

Кеш соңында DJ Jako-ның сүйемелдеуімен өткен би кеші мерекелік концертті қорытындылап, жастарға шаттық пен қуаныш сыйлады.

Өңір жастарына арналған игі бастама

Айта кетейік, концертте өнер көрсеткен барлық өнерпаздар – Қызылорда қаласының жас таланттары немесе Сыр елінен шыққан, бүгінде танымалдылыққа ие болған жастар. Бұл бастама жергілікті өнерді дамытуға, талантты жастарды қолдауға бағытталған маңызды мәдени оқиға ретінде бағаланды.

Мұндай ауқымды мәдени-көпшілік іс-шаралар жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына, шығармашылық әлеуетін арттыруға, сондай-ақ өңірлік мәдениетті дамытуға ықпал ететіні сөзсіз. Халықаралық жастар күніне арналған бұл концерт – жастардың бірігуі мен шығармашылық қуатын танытатын жарқын мереке болды.