Шиеліде тарының өтімді өнімі қарқын алуда

1 506

Тарыны табыс көзіне айналдырған ортақшылдықтардың қазаны ортайған емес, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Шиелі ауданындағы жалғыз тары өсірумен айналысатын ауылдық округте бүгінгі күні 275 үйден түтін шығады. Ортақшыл ауылында №150 қазақ орта мектебінде ауыл балалары сауатын ашуда. Сондай-ақ ауылда мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау тапқан сөк, талқан өндіретін шағын 2 цех, 28 шаруа қожалық, 5 азық-түлік дүкені, автомобильдерге сервистік қызмет көрсету орталығы, наубайхана, тұрғын үйлердің сыртқы қасбетін заманауи әрлеу ¬материалдарын шығаратын цех, монша, ұстахана халық игілігіне жұмыс істеп тұр. Ауыл турғындарының 70-80 пайызы тары егумен айналысады. Биыл Ортақшыл ауылына негізгі аяқ су жеткізетін «Л-5» және «Л-5-2» және «Жаңа сас» каналдарының бойына ауыл тұрғындары 349 гектар жерге егін екті. Оның ішінде тары 140 гектар, картоп 35 га, көкөніс және бақша дақылдары 174 га егіліп, күзде жиып алды.


Табысы – тары, еңбегі – наны


Шиелідегі Әбдіманап орталық базарында 25 жылдан бері сөк, талқандарын өз қолымен жасап, нарыққа шығарып жүрген бұл кейіпкеріміз – Жұпар Тастайқызы. Ортақшыл ауылының тұрғыны 60 жасқа қадам басқан. Ауа райының ыстық суығына қарамастан 25 жыл бойы өз несібесін тары жиып, талқан сатумен тауып келеді. Жұпар апайдың айтуы бойынша ең өтімді дақыл түрі сөктің талқаны.


Бірақ осы құнарлы астың дайындалу технологиясы оңай емес. Себебі шикі тарыны тазартып, пісіріп, қуырудың өзі ұзақ уақытты алады. Тарыны дайындап, оны сатып, сол арқылы табыс тауып отырған ортақшылдық Жұпар Қалыбекова аталған тағам түрін дайындауға қазір қыз-келіншектер онша құлықты емес екендігін айтады.


Тоқсаныншы жылдардың басындағы қиын кезеңде отбасын осы тағаммен асыраған Жұпар апа қазір тары дайындауды негізгі кәсібіне айналдырған. Күн ¬сайын аудан орталығындағы базарға шығып, тары сатып келеді.


Талқан, сөк дайындау оңай жұмыс емес. Әсіресе, үлкейген адамға қиын. Бірақ шаруаны қиынсынып үйде бос отыра алмайсың. Себебі жұмыс жоқ. Жасы елуден асқан адамды қазір еш жерде жұмысқа алмайды. Сондықтан отбасын асырау үшін осы кәсіптен қол үзгенім жоқ. Түскен пайданың бір бөлігін шикі тары сатып алуға жұмсасам, бір бөлігіне азық-түлік аламын. Тарыны күн сайын дайындап, жаңа күйінде саудаға шығарамын. Себебі жаңа дайындалған талқан, сөк өтімді әрі сатқан уақытта да алушыға ұялмай ұсынасың. Тары дайындау ұзақ уақыт алады. Мәселен, мен күн сайын бір шелек тарыны диірменге саламын. Таңғы сағат 06:00-де бастағаннан түскі 12:00-ге дейін қазан-ошақтың қасында жүремін.


Талқан жеген тоқ болар


Тары дайындаудың да өзіндік тәртібі бар. Алдымен, шикі тарыны екі-үш рет електен өткізіп, шикі сөгі мен ұсақ шөптерден тазартамын. Тазартылған тары жақсы қуырылады. Бұдан соң суға салып 20-30 минут қайнатып, кейін піскен тарыны салқын сумен шайып, көжесінен айырамын. Сосын шидің үстіне төгіп, аз уақыт дегдітіп қоямын. Осындай бірнеше сатылы жұмыстардан кейін барып тары қуырылады. Қуырудың да екі түрі бар. Бірін қызартып қуырсақ, екіншісін сарғайтып қуырамыз. Себебі тұрғындардың талғамы әртүрлі. Бірі қызарып қуырылған күтірлек тарыны жақсы көрсе, екіншісі сары тарыны ұнатады. Тарыны қуырып болған соң, екі қайтара тоқ келіге салып түйіп, елеп, кебегі мен талқанынан айырамыз. Жақсы қуырылған тарының хош иісі бұрқырап тұрады.


Тарыны жылы және құрғақ жерге сақтау керек. Егер тарыны банкіге салып сақтайтын болса, оған резеңкі қақпақ жаппаған жөн. Себебі бұндай қақпақ тарыны жібітіп жібереді. Тарыны иісі бар тағам немесе заттармен бірге қоймаған абзал. Тары иісті бойына тез сіңіріп алады, – дейді Жұпар Тастайқызы.


Қазіргі таңда базарда сөктің келісі – 1100 теңге, сөк талқан – 1100 теңге, бидай талқан – 700 теңге, жүгері талқан – 800 теңгені құрайды. Жұпар Тастайқызы қазір тарыға сұраныстың жоғары екенін айтады. Арнайы тапсырыс арқылы Қызылорда, Түркістан қалаларына алдыратындар бар. Көпшілігі алғашқыда таныс-тамыр, ағайын-туыстан естіп тапсырыс берсе, кейін өздері хабарласып, қанша тары қажет екенін айтады.


Орталық базарда 10-нан аса әйел адам талқан, сөк сатады. Көпшілігі жұмыс болмағандықтан осы кәсіп арқылы күнелтіп отыр. Бірінің отбасында бірнеше бала мектепке барса, енді бірінің баласы студент. Ал оларды оқыту үшін қыруар қаржы керек.


«Қолы қимылдаған қыр асады» деп бекер айтпаса керек. Алпысты алқымдаса да адал еңбекпен нан тауып жүрген аналарымыз көп. Олар тек сауда-саттыққа қолайлы, жылы орын болғанын қалайды.


Түйіндей келе, ауылдағы қарапайым апаларымыздың тарыдан табыс тауып, оны брендке айналдырған табысты ісі көңілге қуаныш ұялатады. Қалай дегенмен де, Ресейдің «Доширагы» мен қытайдың, кәрістің «лапшасынан» тез дайындалатын, тойымды да сіңімді, иісі бұрқырап тұратын сап-сары тары мен сары майға иленген талқаны керемет емес пе?