“Бір тәулікте 2 бала“ Терезеден құлау көбейді
Соңғы екі аптада тіркелген 5 оқиғаның көбі Абай облысында болған. Қайғылы жағдайдың қайталануына не себеп? Абай облысында биыл балалардың терезеден құлауының 13 дерегі тіркелген.Бұл өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда үш оқиғаға көп, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
«Қарағайлы» шағын ауданында бір тәулік ішінде екі кішкентай бала терезеден құлап кетті. Біреуі аман қалса, екіншісінің өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Ересектер бірнеше минутқа қырағылығын жоғалтса, мұндай қайғылы жағдай кез келген үйде болуы мүмкін.
Мұндай оқиға кезінде полицейлер дереу әрекет етеді. Егер ата-ана мен заңды өкілдер баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етпесе, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал терезеден құлау салдарынан бала қаза тапса, кінәлі адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Қазіргі заманғы үйлерге терезе торы орнатылмайтындықтан, қайғылы жағдайдың алдын алуға арнайы блокаторлар көмектеседі. Бұл балаға оны ашуға мүмкіндік бермейтін арзан, бірақ өте сенімді шектегіштер. Биыл мұндай құрылғылар көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы 37 отбасының пәтеріне тегін орнатылды. Дегенмен құтқарушылар кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады.







