Заңды бұзған шетел азаматынан 100 мың теңге пара алған полицей 3,5 жылға сотталды

92

Өскеменде заңды бұзған Өзбекстан азаматынан пара алған полицей 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


ШҚО соты баспасөз қызметінің мәліметінше, учаскелік полиция инспекторының көмекшісі Өскеменде уақытша тіркелген мекенжайда тұрмаған Өзбекстан азаматын анықтаған.


Заңбұзушыны жауапқа тартқанның орнына ол 100 мың теңге көлемінде пара алған.


Осыдан кейін тәртіп сақшысы көші-қон қызметіне шетелдіктің Қазақстанда уақытша тіркеу мекенжайында тұрмайтыны туралы хабарламаған.


«Осыған байланысты сот ісі Өскемен қалалық №2 сотында қаралды. Жасалған қылмыстың сипатын, ауырлығын және қоғамға қауіптілігін ескерген сот айыпталушыны Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 366-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп тапты. 3 жарым жылға бас бостандығынан айырылған экс-полицейге мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды», - делінген ақпаратта.


Сондай-ақ сотталушы «полиция лейтенанты» шенінен айырылды.


Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.