Психолог: Бала шашын бояп, сырға тақса да ұстаздың шаруасы болмауы керек

384

Танымал психолог Серікгүл Сәли мектептердегі бала тәрбиесіне қатысты өз пікірімен бөлісті.


Бұл туралы маман "Бүгін" бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Экспресс К.

Бағдарламада "Жасөспірімдер суицидке неліктен көп барады?" деген тақырып талқыланды. Онда оқушылардың өз-өзіне қол жұмсауына буллингтің әсері де бар екені айтылды. Психологтың пікірінше, өкініштісі балаға буллингтік шабуыл жасаушы ұстаздардың өзі.

"Қанша мектептерге барып, зерттеулерімді жасадым. Булиннгтердің бастамасын ұстаздардың өзі бастайды. Мектепте баланы сыныптың алдында тұрғызады. "Масқара, мынаны қараңдар. Білмейді мынаны. Ұят-ай" деп бүкіл сыныптың алдында ұялтады. Осындай жағдаймен қанша ұстазға бардым. "Бұлай істеуге болмайды ғой, сіз өзіңіз буллингке бастама беріп отырсыз" деп қанша ұстазға айттым. Ұстаздардың көбі оны тыңдай бермейді. Міне, осындай нәрселерге басшылық, жоғары жақтағылар назар аударса екен деймін. Қазіргі ұстаздар өте сауатты болуы керек!", деді Серікгүл Сәли.

Психолог ұстаз тек білім беруі қажет екенін кесіп айтты. Ал баланың тәбиесімен психолог пен ата-ана айналысуы керек екен.

"Баланың тәрбиесімен кім айналысады? Біз осыны шешіп алуымыз керек. Ұстаз айналыса ма, әлде ата ана ма? Ұстаз не істеуі керек? Балаға білім беруі керек... Бала сенің алдында жартылай жалаңаш келді ме, шашын бояп алды ма, мейлі. Баланы қызықтырып біліміңді бер. Баланы білім арқылы еліктір. Тәрбиелеме, шаруаң болмасын! Ата-анасы тәрбиелейді. Бұл жерде мектепте психолог кіріседі... Мектептегі мұғалімдер баланы тәрбиелемейді деп нақты кесіп айту керек сияқты. "Неге шашың ұзын?", "Жүрген түрі мынау, масқара", "Неге шашыңды бояғансың?", "Шеш мына сырғаңды" демей, сіз ақырын ата-анасына айтыңыз. Біліміңізді беріңіз балаға. Өте қызықты етіп математиканы, химияны үйретіңіз. Ұстаз болыңыз, үлгі болыңыз. Қызықтырып сабақ берілсе, тыңдайды. Осындай нәрсеге көшу керек",—  деді психолог

Осы сәтте бағдарлама жүргізушісі "Тәрбиесіз берліген білімнің көк тиыны жоқ" деген мысалды келтіреді. Ал Серікгүл Сәли балаға тәрбиені ата-ана беретінін, сонымен қатар қызықты берілген білім арқылы балаға тәрбие өзі келеді деп отыр.