Қызылордада аурухана есепшілері ақша жымқырды

510
Қызылордада аурухана есепшілері    14 млн теңгені  өзара жымқырған , - деп хабарлайды Opennews.kz  ақпарат агенттігі. 

Жаңақорған аудандық ауруханасының бірнеше қызметкері өздерінің қызмет бабын пайдалана отырып, 2015-2019 жылдар аралығында өзара келісімге келу арқылы іс-сапар шығындарын ресімдеп, ірі мөлшерде қаражат жымқырған. Яғни, шын мәнінде іс-сапарға бармаса да, құжат жасап, өз есеп шотына іс-сапар шығындары ретінде түсетін ақшаны аударуға және қолма-қол шешіп беруге келісім беретін аурухана қызметкерін тауып, банкомат картасына аударып, шешіп алу арқылы ірі мөлшерде мемлекет қаржысын иемденіп алуды жүзеге асырған, - деді Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов

Оның айтуынша, тергеу барысында аудиторлық тексерулер, бірнеше комиссиялық сарапшылар қорытындысын негізге ала отырып, сот-бухгалтерлік сараптамасы тағайындалған.

Нәтижесінде «Жаңақорған ауданаралық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына 14 млн теңгеден астам залал келтірілгені анықталды, - деп айтты Әлібек Әбділов.

Сот аудандық ауруханада әр жылдарды қызмет атқарған М.Сатыбалдиева мен З.Шомантаеваны кінәлі деп танып, есепшілік және материалдық жауапкершілігі жүктелетін қызметтер атқару құқығынан 2 жыл мерзімге айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Үшінші тұлға М.Бурисбаев 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын алды.