Нарықтық бағасы – 670-2000 теңге: Алматы облысында шенеуніктер 1 кітап жиынтығын 58 млн теңгеге алмақ болған
323
Алматы облысы Сарқан ауданының білім бөлімі 1 кітап жиынтығын 57 млн 976 мың теңгеге сатып алуды жоспарлаған. Ал оның орташа нарықтық бағасы – 670-2000 теңге аралығында, деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Алматы облысы бойынша департаменті.
Өрескел заң бұзушылықты Антикор қызметкерлері "Сатып алудың бірыңғай терезесі" веб-порталы арқылы анықтаған. Кейін мекеме, 8663 дана кітапқа 5 млн теңге көрсеткен.
"Алайда бағаны өсіру деректері тыйылар емес", - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Алматы облысы бойынша департаменті.
Мәселен, облыстық Ішкі саясат басқармасына қарасты "Қоғамдық келісім" мекемесі бюджет қаражатынан 33 млн теңгеге сауалнама жүргізуді жоспарлаған. Жедел әрекет ету нәтижесінде мемлекеттік мекеме сатып алудан бас тартқан.
Антикоррупциялық қызмет өкілдері бес айда мемлекеттік мекемелерге осы тектес 47 ұсыным жолданған.
"Бес айдың қорытындысына сәйкес негізсіз сатып алу саласы бойынша 972 млн теңге бюджетке қайтарылды. Осыған орай біз мекеме басшылары мен мемлекеттік сатып алушылардың біліктілігін арттыруға бағытталған семинарлар өткізіп жатырмыз. Танымдық сабақтарда заңнамалық және қаржылық сауаттылық арттыру нұсқаулықтарымен жіті таныстырдық", – дейді департамент басқармасының басшысы Асқар Садықов.
Айта кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Алматы облысы бойынша департаментінің дер кезінде әрекет етуінің арқасында 2021 жылы 10 миллиард теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделген.