Суға батып кеткен үндістандық екі студенттің бірінің денесі табылды
202
Ақсу өзенінің маңында 26 маусымда суға батқан шетелдік студенттердің бірінің денесі табылды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Қайғылы оқиғадан 3 жарым ай өткен соң суға батқан екі шетелдік студенттің бірінің денесі табылды. Құтқарушылар оны Ақсу өзенінің маңынан тапқан. Іздеу жұмыстарына 12 құтқарушы мен екі жүзу құралы жұмылдырылды. Табылған мәйіт сараптама жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне берілді.
"10 қазанда сағат 13:15-те Ханарық ауылының солтүстік жағынан 1 жарым шақырым төмен жерде іздестіру жұмыстары барысында Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Ақсу өзенінен бір адамның денесін тапты. Табылған мәйіт сараптама жүргізу үшін полиция департаментіне берілді. Екіншісін іздеу жалғасуда. Іздестіру жұмыстарына Республикалық жедел-құтқару жасағының 5 құтқарушысы, 1 жүзу құралы, Түркістан облысы ТЖД 7 құтқарушысы, 1 жүзу құралы жұмылдырылды", - деп хабарлады Түркістан облысы ТЖД.
Еске сала кетейік, оқыс оқиға 26 маусымда сағат 4-те болған. Ақсу каньонында Шымкенттегі медицина академиясында оқыған үндістандық екі студент суға батып кетті. Жігіттер небәрі 20 жастан асқан еді. Олардың денесін іздеу жұмыстары 3 айдан астам уақыт бойы жүргізіліп келеді.