Бес айдан бері соттасып жүр. Саясат Нұрбек туралы теріс мәліметтер Google іздеу жүйесінен өшірілген
Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі болып тағайындалған Саясат Нұрбек күні кеше ант берді. Министр бұл жолғы сөз басын «біссімілләсіз» бастады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан халқына адал қызмет етуге уәде еткен министрдің тағайындалуына қатысты қоғамда түрлі пікір айтылды. Жаңа ведомствоның жұмысын дөңгелетіп әкетуге жаңа министрдің әлеуеті жете ме? Күмәнданғандар көп. Сәттілік тілеп отырғандар да бар.
Министр қоғам белсендісінен 1 млн теңге талап етіп отыр
Қазір Саясат Нұрбек қоғам белсендісі, журналист Гүлбану Әбеновамен соттасып жүр. Ақпан айында мәжіліс депутаты болып тұрғанда қоғам белсендісінің әлеуметтік желіде жазған посттары үшін үстінен сотқа арыз түсірген. Қоғам белсендісі көптен бері депутаттан Кипрдағы отбасының Қазақстанға оралып, балаларының ел қатарлы мектепте білім алуын, жалпыға ортақ емхана қызметін пайдалануын талап етіп келеді.
Гүлбану Әбенова өзін Саясат Нұрбектің сотқа бергенін, адвокат қызметіне жүгінуге ақшасы жоқ екенін айтып, көпшіліктен көмек сұраған еді. Біз Гүлбану Әбеновадан сот ісінің қалай жүріп жатқаны жөнінде сұрадық.
Оның айтуынша, Саясат Нұрбек қоғам белсендісінен 1 млн теңге өтемақы талап еткен.
«Егер мен сот шешімімен жеңіліс тауып жатсам, ол сұрап отырған 1 млн теңгені төлеуге мәжбүрмін. Абыройын ойлап тұрған болса, символдық тұрғыда 1 теңге дер еді. Менен бір миллион теңге алып Кипрда оқып жатқан бала-шағасына жіберетін болар. Журналист ретінде ақпаратты жазуға құқым бар әрі көпшілік кімнің немен айналысып жүргенін білуі тиіс», - дейді қоғам белсендісі.
Гүлбану Әбенова Саясат Нұрбектің жетекшілігімен іске асырылған «Жаңа мамандықтар мен құзыреттердің атласы» жобасын жиі сынға алады. Жоба – болашақ үшін қажетті мамандық таңдауға көмектесетін карта.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен іске асырылған жобаның құны ресми айтылмағанымен, 1 млн АҚШ доллары шамасында қаржы жұмсалған деген тәуелсіз зерттеулер бар.
«Ол білім саласында министр болсам деп көптен армандаған. Депутат болам деп армандап еді, болды. Мен ғана емес, ғылыми дәрежесі жоқ екенін, бірде бір ғылыми еңбек жазбағандығын барлығы түсініп отыр. Ол ғылым туралы не біледі? Ол ғылым туралы ештеңе білмейді деп ойлаймын. BTS Education компаниясы ERG компаниялар тобының құрылымы екені түсінікті. Басшысы Александр Машкевич Израиль елінің азаматы. Сондықтан түптеп келгенде бюджет қаражатын игеруге кеп тіреледі. Сол себепті ол жерде сондай озық, зерделі, кемеңгер тұлғаның бейнесі бар десе де, менің жеке басым оған еш сенімім жоқ. Бірақ, шын мәнінде, мұның барлығы популизм, имидж, PR»,- дейді Гүлбану Әбенова.
Айтпақшы, ресейліктер дәл осындай жобаны 50 мың долларға да жүзеге асырған.
Министр туралы мәлімет Google іздеу жүйесінен өшірілген
Тағы бір айта кетерлігі, Саясат Нұрбек туралы қазақстандық сайттардағы ақпараттар Google іздеу жүйесінен өшірілген. Материалды дайындау барысында ашық дереккөздерден министрге қатысты мәліметтерді іздеу қиынға соқты. Соған қарағанда министр өзі туралы «қоғамда жағымсыз көзқарас тудырған» мәліметтерді ел көзінен жасыруды жөн деп тапқан сыңайлы. Мұндай ақпараттарды желіні қауіпсіз пайдалануға мүмкіндік беретін VPN қосымшасы арқылы көруге болады.
Жалпы Саясат Нұрбек тілшілермен жиі ренжіседі. Мәселен, 2020 жылы журналист Михаил Козачков әлеуметтік желіде өзін Саясат Нұрбектің блоктап тастағанын айтқан еді. Журналистің қолында Саясат Нұрбектің мемлекеттік тестілеуден екі рет өте алмай қалғандығы туралы мақала болған. Біз журналистен «арада екі жыл өткен соң Саясат Нұрбек блоктан шығарды ма?» деп сұрап көрген едік. Журналист өзін министрдің әлеуметтік желіде блоктан шығарғанын айтып, «иә» деп жауап берді.
Кипрдегі отбасы елге оралады
Ал Үкімет кулуарында тілшілер жан-жақтан сұрақ жаудырарын білгендей, министр кей мәселелерге қатысты жауаптарын жаттап келгендей асығыс жауап бергені аңғарылады. Мәселен, көптен бері дау болған балаларының Кипрдағы британ мектебінде оқитындығына қатысты табан астында үш себебін атап берді.
Бұдан бұрын Саясат Нұрбек әлеуметтік желіде «үш баласын Кипрде оқыту бар болған 7 млн тұратындығын, бұл Спектрумнан 3 есе арзан» екенін жазған еді.
Молданың баласы
Ол сондай-ақ, қандай да бір діни ағымдарға, секталарға, салафизмге қатысы жоқ екенін мәлімдеді. «Атам Нұрбек Семейде имам болған. Сондықтан кішкентай кезімнен ислам дініне жақын адаммын», - деді министр.
Биыл ақпанда Парламент мәжілісіндегі ант беру рәсімінде бір емес екі рет «біссіміллә» деп сөзінен жаңылған Саясат Нұрбек мұнысын имам атасымен байланыстырған еді.
«Бұл – менің жеке ұстанымым. Менің өмірбаяным ашық, молданың баласымын. Семей қаласында Тыныбай деген бірінші қазақ мешіті ашылғанда, соның тұңғыш имамы менің атам Нұрбек болған. Сондықтан кішкентай кезімнен имамның әулетінде өскен баламын. Дінге жақынмын. Оны жасырмаймын және ешқашан жасырған жоқпын», - деді ол.
Осы себепті де болар әлеуметтік желідегілер «дінге жақын» министрдің ғылым саласына әкелетін жаңалығына күмәнмен қарайтындықтарын айта бастады.
Саясат Нұрбек – Семей қаласының тумасы. Білім мен ғылым жолындағы қадамына көз жүгіртсеңіз – бармаған жері, баспаған тауы жоқ.
Мәжіліс сайтындағы өмірбаянында оның Маршаллтаун колледжін (АҚШ) саясаттану мамандығы бойынша бітіргендігі, Еуразия ұлттық университетінде «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша білім алғандығы жазылған. Сонымен бірге сайтта Ла Сапиенца (Италия) университеті геосаясат магистрі дәрежесі мен «Көкше» академиясы психология бакалавры иегері екендігі көрсетілген.