«Жатырын алып тастады»: Түркістанда өгей әкесі 8 жасар қызды зорлаған
Түркістан облысында 8 жасар қызды өгей әкесі зорлаған. Дәрігерлер баланың өмірін аман сақтап қалу үшін, оның жатырын алып тастауға мәжбүр болыпты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі «Астана» арнасына сілтеме жасап.
Қыздың анасы сұмдық жағдайдың 23-ші ақпан күні болғанын мәлімдеді. Оның ауруханаға кеткен сәтін пайдаланған күйеуі көрші ауылдағы бағып жүрген малын тастап, үйге жеткен көрінеді. Осылайша 3-сыныпта оқитын қызды зорлаған. Кейін көп қан жоғалтқан кішкентай қызды мектепке жіберген.
«Бастапқыда «құлап қалды» деп сылтауратқанмен, артынша кешірім сұрап мойындады. Енді «есімді білмеймін» деп басқаша сөйлеп отыр. Мамаңа айтсаң, сені тұншықтырып өлтіремін, мамаңды өлтіремін де, өзіңді балалар үйіне өткізіп жіберемін деп қорқытқан. Әлі күнге дейін шошып оянады. Қызымның ана болу мүмкіндігінен айрылғанын жақында ғана сотта естідім»,– дейді зардап шегушінің анасы.
Айтуынша, 8 жасар қызға екі рет операция жасалған. Тік ішегін бірнеше жерден тіккен дәрігерлер ақыры жатырын алып тастауға мәжбүр болған.
Шымкенттегі арнайы орталық директоры Малика Жүсіпова өрімдей қыздардың өмірін талқандайтын жағдай тым жиілеп кеткенін айтады. Педофилдерге берілетін жазаны қатайту керек деп дабыл қағып отыр.
«Бұл деген сұмдық жағдай ғой. Өмірлік сотталу керек. Ол ауру ғой, ауру қайталанады. 20 жылға сотталды деген, ол педофилизмге аз уақыт», - дейді орталық директоры Малика Жүсіпова.
8 жасар Әселмен қазір психолог мамандар жұмыс істеп жатыр. Әзірге болашағына балта шабылғанын қызым білмейді, ертең бойжеткенде тағдыры қалай болады деп еңірейді шарасыз ана. Үшінші сыныпты үздік аяқтаған Әселдің арманы көп-ақ...