«ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚАНТ БАҒАСЫ ШАРЫҚТАП ТҰР»

1 635

Фото: Opennews.kzҚызылордалықтар азық-түлік бағасының күннен-күнге шарықтап бара жатқандығына наразы, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Дүкен сөрелерінде сіресіп тұрған қап-қап қант бір күннің ішінде ғайып болғанда, шекерсіз шекесі терлеп, шай іше алмайтын ағайын кәдімгідей абдырап қалған. Сауда орындарында қантпен қоса, шетелден келетін тауықтың сан еті де жоқ болып кетті.


Ал, Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары 
«Облыстағы тұрақтандыру қорында 78,9 тонна қант бар. Дегенмен, әлеуметтік дүкендерде қант тапшылығы сезілуде. Осыған байланысты «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы 272 тонна қант тұрақтандыру қорына жеткізіліп, 38 әлеуметтік дүкендер мен әлеуметтік бүрыштарда төменгі бағада сатылуда»,- дейді Айнұр Тлеулеева.



Қызылордада орташа есеппен санағанда күн көріс деңгейі 55-70 мың  теңге аралығын құрайды.  Бүгінде  тұрғындар әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы шарықтап бара жатыр дейді. Атап айтқанда, өсімдік майы, қант және жұмыртқа, ет бағасының шамадан тыс саудаланып, қара халықтың  қалтасы көтермей жатырғандығы тағы бар. 


«Өзімнің айлығым 65 мың, 4 балам бар. Бір айда азық-түлікке кем дегенде 60 мыңдай кетеді. Қазіргі кезде азық-түлік бағасы күннен-күнге қымбаттауда. Тіпті, қант бағасы сағаттап қымбаттап жатыр ма дейсің.  Осы бағаны реттейтін жоғарғы басшылар бар ма? Болмаса тапқан табысымыз дымға жетпейді. Ішіп-жеумізден арылмайтын қымбатшылықтың тоқтауы бола ма? Алдыңғы апта әлеуметтік дүкеннен алған қантымыз 267 болса енді бүгін бақандай 100 теңге қосылып отыр. Ол да шектеулі ұзын сонар кезек таң атысынан түске дейін ғана. Ол да бітіп қалса алуың қиын.», - дейді қала тұрғыны Динара Әуелбек.


Расында, еліміздің кей өңірлерінде қант тапшылығы туындауда. Тіпті, кей тұрғындар 9:00 дағы  дүкенге, таңғы 4-тен бастап  кезекке тұратынды шығарған. Себебі қант тапшы, енді біріні жетпей әлек. Тәтті үшін жұдырық ала, жаға жыртыса шығатындарда жоқ емес. 

«Масқара, орталық базарда 1кг қант   650-750 теңгемен саудаланып, қалтамызды қағуда.  Ақшамызды сәл үнемдейік деп осы әлеуметтік дүкеннің алдын  таңнан бері торуылдап отырамыз. Неге бәрін қолдан жасап отыр?! Жаңа Қазақстан деген осы ма? Мемлекет басшысы берген 6 айға дейін қымбатшылық болмайды деген сөзін жергілікті билік неге орындамай отыр. Бір емес екі бірдей әкімнің қолынан бағаны тұрақтандыру келмей отырғаны ма? қазір жұмыссыздар да 60 мың айлыққа жұмыс жасайтындар да көп. Енді билік басындағылар өткенде базар бағасын емес ірі сауда орындарын аралап, баға жақсы қымбат емес дейді. Біз базар бағасына наразылық білдіріп отырсақ, ол шырақтарым, ірі сауда орындарын қанағаттандырады дейді. Қара халық ол сауда орнына барып, азық алмайды ғой шайлығынан арылмайды өйткені », - дейді Манап ақсақал.



Осы орайда, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев елге қанттың тұрақты жеткізіліп жатқанын мәлімдеп еді. Алайда, бүгінгі статистикаға министрдің сөзінен қарама қайшы келіп отыр.
 

Қызылорда облысы ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев: 680 тонна қант сатып алу жөнінде келісімшарт қолымызда бар. Қазір 3 вагоны келді. Апта сайын кестеге сәйкес қант жеткізіліп тұратын болады. Алайда, толық қамтамасыз етуге қиындау болып тұр. Республикамызда 4 қант зауыты шығарып үлгермей жатқан жағдайы бар”, - деді.


Алайда, қала халқының арасында қант жоқшылығы туындап отыр, оны билік жасырып әлек деп наразылық білдіруде. 

 


АЙБАР