«Ахметжанов Президентке өтірік айтқан»: Мәжілісте өткір сөйлеген депутаттың дауысын өшіріп тастады

351

Депутат Азамат Әбілдаев ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке субсидияларға байланысты сұрақ қойған. Сұрақ қою барысында Әбілдаевтың дауысы кенет өшіп қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.


Мал шаруашылығы, оның ішінде субсидиялардың мәселесі талқыланған бүгінгі отырыста Азамат Әбілдаев ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке сұрақ қойды.

«Субсидияның 51 түрін 7-ге дейін түсіріп жатыр. Қазақтың 90 пайызы малмен айналысады. Сіздер анктикордың ұсынысы бойынша субсидияларды қысқартқандарыңызды айтып жатырсыздар. Бәлкім, сіздердің адамдарыңызды антикорға, ал антикордағы кісілерді ауыл шаруашылығы министрлігіне жіберу керек шығар бәлкім. 2012 жылдан 2014 жылға дейін бүкіл жергілікті қауымдастықтар, ірі фермалар, палаталар, ет одағы – министрлікпен бірге екі жылы «АПК – 2020» деген бағдарламаны жасағанбыз. Ең мықты бағдарлама. Сол кездегі министр Мамытбеков парламенттен шықпайтын. Бүкіл заң жобаларын өзгерттік. Енді сіздер аласыздар да, бар болғаны  250 млрд теңге ақшаны 80 мың адамға бөліп бересіздер. Әрқайсысына 80-100 мың теңге тиетін шығар. Ол жерді антикор барып тексереді. Антикор бастығы мемлекет басшысына өтірік айтқан. 1 миллиардқа жуық мал Өзбекстанға...» деп сөзін жалғастыра бергенде Әбілдаевтың дауысы өшіп қалды.

Депутаттың өзі дауысты қосу керектігін қайта талап еткен жоқ. Ізінше Қарашөкеев оның сұрағына жауап беріп кетті.

«Азамат Рахатұлы, жұмыс тобында жаңа жүйені талқылап жатырмыз ғой. Фактілерді жоя алмаймыз. Негізі субсидиялау жүйесін алар болса, 200-ден астам қылмыстық іс қозғалып жатыр. Соның ішінде 42 пайызы селекциялық асыл тұқымдандыру жұмысымен байланысты. Ол не деген сөз. Асыл тұқымдандыру жүйесінде тетіктер бар. Оны дәлелдеп, қажет болса антикордан 174 ұсыныс болған. Бәрін көрсетейік», - деді Ербол Қарашөкеев.

Оның айтуынша, «бәрі жаман болды деу дұрыс емес».

«Қазір бәріміз талқылап, тиімді модельді шығарайық. Фермерлермен ақылдасып, дұрыс жүйе келсін. Асылдандыру жұмысын субсидиялау жұмысы шыны керек, жай ақшаны тарату болып кетті. Оны қалдырып, жұмысты нәтижелі қылу керек. міндеттеме қояйық. Оны толық қолдаймыз. Нәтиже болады деп сенемін. Шілденің аяғына дейін жұмыс тобы жұмысын аяқтап, бірыңғай субсидиялау жүйесінің жобасын ұсынады деп ойлаймын», - деп түйді министр.

Депутаттың осы сөзінен кейін президентке өтірікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қай кездегі басшысы айтқанын білгіміз келген. Азамат Әбілдаевқа қоңырау шалғанымызда, депутат бұл  оқиға Марат Ахметжановтың тұсында болғанын айтты.

Қыстың алдында Ресейден Қазақстанға келген асыл тұқымды малдың бәрі Өзбекстанға шамамен 1 миллиардқа сатылып кетті деп айтқан. Марат Ахметжанов (қазіргі ішкі істер министрі – авт.) айтты. Алдында парламентте айтқанмын. Бес жылда Ресейден бар-жоғы 96 мың бас әкелінген. Оны Өзбекстанға алмайды. Содан кейін тексеру басталып, шаруалардың бәрін тексерді ғой. 80 мың шаруаға 200 млрд теңге бөлінген”, – деді Азамат Әбілдаев.