"Еңбек демалысы үшін 2,5 миллион теңге төленеді": Депутаттар екі ай демалысты қалай өткізетіндерін айтты

233

Мәжіліс және Сенат депутаттары 30 маусымда екінші сессияны жауып, қыркүйекке дейін демалысқа шықты. Халық қалаулылары бұл уақытты қалай өткізетіндерін айтты.  Сөздерінше, демалыста аймақ тұрғындарымен кездесуді жоспарлап отыр екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап. 

парламент

1 шілдеден бастап депутаттар екі айға созылатын демалысқа шықты. AMANAT фракциясының депутаты Елнұр Бейсенбаев Ақтөбе және Алматы облыстарының тұрғындарымен кездеспекші. Ал демалысты Алакөл мен Балқашта өткізуді жоспарлап отыр екен. Депутаттың сөзінше, отбасыда бала дүниеге келгендіктен, биыл шетелге шыға алмайды. Себебі сәбимен ұзақ уақыт ұшу қауіпсіз дейді. 

"Еңбек демалысына төленетін ақыны отбасылық шығындарға жұмсаймыз. Демалысқа шыққанда үш жалақы аламыз. Шамамен 2,5 миллион теңге. Бұл – екі айдың жалақысы мен тағы бір еңбек демалысы үшін төленетін ақы. Биыл сыйлықақының барлығын қысқартып тастады. Тек жалақы аламыз. Мен үшін бұл үлкен еңбекақы, себебі бұған дейін төмен жалақы алғанмын", – деді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев

Гүлнәр Бижанова бұл сессияда депутаттардың жұмысы жемісті болғанын айтты. Сонымен қатар екі заң жобасы бойынша жұмысты аяқтағанын мәлімдеді. Олар интеллектуалды меншікті дамыту мен кепілдендірілген заңдық көмекке байланысты екен. Енді 12 мыңнан аса заңгер тұрғындарға тегін кеңес береді. 

Депутат демалысын Қарағанды облысында өткізетінін айтады. 

"Шетелге шықпағаныма 3-4 жыл болды. Ауылға барамын. Маған осы жақта қызығырақ", – деді Гүлнәр Бижанова. 
Қазақстан халық партиясының депутаты Ерлан Смайылов шахтерлер мен металургтердің еңбегін қорғау мәселесі ушығып тұрғанын мәлім етті. Сөзінше, адамдардың мәселесін кәсіподақ арқылы шешу керек. Депутат бұған қатысты сәйкес кесте де әзірлеген. 


"Мен Теміртаудағы металургтермен кездеспекшімін. Шахтинскке барып, Қарағанды шахтерлерімен кездесу өткіземін. Біздің фракция кәсіподақтармен тығыз жұмыс істейді. Әсіресе шахтерлермен, қазір металургтермен де жұмыс істеп жатырмыз", – деді Мәжіліс депутаты Ерлан Смайылов

Парламенттің келесі сессиясы қырүкйекте басталады. Бұл кезде депутаттар сайлауға, саяси партияларға қатысты 20 жаңа заң жобасын дайындап, қабылдауы керек.