СОТ ЖҮЙЕСІНІҢ РЕФОРМАСЫ ЖӘНЕ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

529
Қазақстандағы сот жүйесінің дамуын тәуелсіздіктің үш онжылдығына бөліп қарайтын болсақ, төмендегідей жетістіктері мен проблемаларына көз жеткіземіз ,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

1991 жылы мемлекеттік тәуелсіздігін жариялағаннан кейін басталған саяси, әлеуметтік және экономикалық қайта құру процесі негізінде елімізде ұлттық құқықтық жүйе қалыптасып, сот жүйесінің реформасы жүргізілді. Егеменді елдің сот саласында түбегейлі өзгерістер орын алып, мемлекеттік биліктің дербес тармағы – соттың іргетасы қаланды. Сол уақыттан басталған реформа кезең-кезеңімен заң-ережелер, бағдарламалар, халықаралық тәжірибе және сарапшылардың талқылауымен жетілдіріліп келеді. Сот жүйесінің қызметі Қазақстан Республикасы Конституциясының VII бөлімінде және "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында айқындалған. Соттың мәртебесі, оның беделі мен тәуелсіздігі мемлекеттегі заң үстемдігінің, сонымен қатар, жеке азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының нақты көрсеткіші болып саналады.



Қазақстандағы сот жүйесінің дамуын тәуелсіздіктің үш онжылдығына бөліп қарайтын болсақ, төмендегідей жетістіктері мен проблемаларына көз жеткіземіз:
Бірінші кезең (1990-2000 жж.). Бұл кезең Қазақстанның 1990 жылы егеменді мемлекет мәртебесін алуымен тікелей байланысты. 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған "ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" Конституциялық заңының 9-бабында: "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік билік заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне бөлу қағидаты негізінде құрылады және жүзеге асырылады» деп белгіленді. Осы заңның 10-бабында «Сот билігі ҚР Жоғарғы Соты пен Жоғарғы Арбитраждық сотына тиесілі» делінген. ҚР Конституциялық Заңы және Егемендік Декларациясы республиканың жаңа заңнама жүйесін қалыптастыруға негіз болды. 1992 жылы қабылданған сот туралы заң, кейінгі Құқықтық реформаның тұжырымдамасы, 1995 жылғы Конституциядағы сот билігі туралы баптар сот және құқық қорғау органдары туралы заңнаманы дамыту әрі демократияландырудың жаңа кезеңін көрсетті. ҚР құқықтық реформа бағдарламасы бүкіл құқықтық жүйені – заңнаманы, құқық қорғау саласын, сондай-ақ сот жүйесін қайта құруға негіз болды. Бұнда басымдық соттың мәртебесін көтеруге, оның мемлекет пен қоғам өміріндегі беделінің сөзсіз мойындалуына, тәуелсіз «үшінші билікке» айналуына мән берілді.


Екінші кезең (2000-2010 жж аралығы). Зерттеушілердің пікірі бойынша, алғашқы кезеңдегі заңдар мен декларациялар, Президенттің жарлықтары сот жүйесінің берік негізін қалады. Дегенмен соттардың атқарушы биліктен тәуелсіз қызметін табанды түрде қамтамасыз ету қажет болды. Соттардың шынайы дербестігі мен тәуелсіздігі орнамай сот жүйесінің реформасы туралы айту қиын. Бұл сұрақ соттардың атқарушы билік органдарынан қаржылық-экономикалық тәуелсіздігі, яғни Конституцияның 80-бабында осы ережені іске асыратын тетіктің болмауымен байланысты еді. Соттар әлі де әділет органдарына материалдық тұрғыда тәуелді болып қала берді. Осыған сәйкес, сот реформасының бірінші кезеңінде Әділет органдарының соттарға қатысты бақылау функциялары алынып тасталды. Ал, Елбасының "Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесі туралы" Жарлығына сәйкес, Әділет органдарында сот қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз ету жөніндегі функциялар ғана қалды. Одан басқа, сыбайлас жемқорлық, кадр саясаты, соттың әділдігі туралы мәселелер қордаланды.
Үшінші кезең(2010 ж. – қазіргі уақытқа дейін). "Қазақстан – 2050 "Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты Жолдауында Елбасы Н.Назарбаев осы саладағы кадр саясаты, сот шешімдерін жетілдіру, сот мәртебесі туралы тапсырма берді. Жолдауда «Құқықтық саясаттың маңызды мәселесі азаматтардың Конституция кепілдік беретін сот арқылы қорғалу құқын жүзеге асыруы болып табылады. Бұл үшін сот төрелігін жүзеге асыру процесін оңайлату, оны басы артық бюрократиялық рәсімдерден арылту керек» делінген. Қазақстандық сот институтын дамытуда Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам – Ұлт жоспарын» ерекше атап өту қажет. «100 нақты қадам – Ұлт жоспарының» 11 тармағы сот жүйесінің қызметіне арналған. Ұлт жоспарындағы бұл тармақтар әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылу үшін сот реформасы қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Яғни, ішкі құрылымы мен соттың әділдігі бойынша қазақстандық сот әлемнің неғұрлым дамыған 30 мемлекетінің сот жүйелерімен терезесі тең келуі тиіс.
Осы аралықта жүргізілген сот-құқықтық реформаның нәтижесінде сот құрылысы мен сот ісін жүргізу бойынша жетістіктер бар. Оған заңнамалық регламенттеу және сот билігін ұйымдастыру, жаңаша жұмыс ережелерін енгізу дәлел болып табылады. Сот жүйесінде атқарылған бірнеше міндетті атап көрсетсек:
- еліміздің басты заңы – Конституцияда соттың мемлекеттік биліктің дербес тармағы ретіндегі мәртебесі бекітілді; заңның үстемдігі сот билігінің негізгі міндеті екендігі, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау басымдығы айқындалды; соттардың істерді қараған кезде ҚР Конституциясының ережелерін тікелей қолдануы алға қойылды.
- сот құрылысы және сот ісін жүргізу туралы заңнамаға халықаралық құқықтың жалпыға бірдей қағидаттары мен нормаларын имплементациялау, олардың ұлттық заңнама алдындағы басымдығы белгіленді;
- судья лауазымына үміткерлерді іріктеудің жаңа талаптары мен критерийлері қойылды;
- сот жүйесінің материалдық-техникалық, ұйымдастырушылық және кадрлық дербестілігі, соттарды республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру бекітілді.
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, қандайда бір мемлекеттегі реформаның тиімділігі қоғамның дәстүрі, менталитеті және ерекшеліктерімен тікелей байланысты. Тарихқа үңілетін болсақ, бірқатар шығыс мемлекеттеріндегі әлеуметтік-экономикалық модернизация олардың дәстүрлерімен сәтті үйлесім тапқан, дәстүр-салт қоғамдағы өзгерістердің өзегіне айналып, жақсы нәтижелерге қол жеткізген. Дегенмен, сот реформасын жүргізуде төмендегідей кері факторлардың бар екені анықталған: кейбір заңнаманың жетілмегендігі, тұрақсыздығы және қарама-қайшылығы; соттар мен судьяларды материалдық-қаржылық тұрғыда жеткілікті қамтамасыз етпеу; соттардың әкімшілік-аумақтық орналасуына сәйкес жергілікті билік органдарының соттарға ықпал етуі; судья лауазымына келетін кандидаттарға және судьялар корпусына қойылатын талаптардың қатаң болмауы, соның нәтижесінде соттарға кәсіби біліктілігі мен этикасы төмен азаматтардың келуі; сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық; сот аппараттары мен сот қызметін қамтамасыз ететін өзге де қосалқы қызметтердің сапасыздығы және т.б жағдайлар.
Ендігі кезеңде сот жүйесінің реформасы жоғарыда көрсетілген мәселелерді шешуге басымдық бермек. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2020 жылы 23 қазанда ҚР судьяларының VIII съезіне қатысып, еліміздегі сот жүйесінің дамуы және судьялардың мәртебесі туралы ойларымен бөлісті. Президент атап өткен мәселенің түйінін тарқататын болсақ, соттың әділ және тазалық принциптеріне берік болуы үшін қоғам мен мемлекет бірлесе күш жұмсауы қажет. Әлемді шарпыған пандемия кезеңінде еліміздегі шағын және орта бизнес, медицина, әлеуметтік сала және сот қызметі де үлкен сынақтан өткені белгілі. Мемлекеттік қызмет түрлерінің көпшілігі цифрландырылып жатқанда, сот саласы да осы үрдістен сырт қала алмайды. Сот процестерін жедел және қашықтан ұйымдастырудың оңтайлы тұстары да болғаны аталған жиында айтылды.
Президент Съезде жасаған баяндамасында судьялардың кәсіби деңгейі мен сот ісінің сапасына тоқтала келіп, бірқатар басымдықтарды алға қойды:
1. Судьялардың кәсіби біліктілігін тұрақты түрде жетілдіріп отыру, жұмыс тәсілдерін дамытып, жаңа талаптарға бейімделу, халықаралық тәжірибені ұдайы ескеріп, шеберліктерін шыңдау. Адамның құқықтары мен бостандықтарын судья басты назарда ұстауға тиіс.
2. Соттың тәуелсіздігін нығайту арқылы оның әділ және ашық болуын қамтамасыз ету. Осындай жағдайда ғана әртүрлі мәселемен сотқа жүгінген азаматтардың сот билігіне деген сенімі нығаяды. Өйткені, судьялардың соттар мен сот алқасы, құқық қорғау органдарына тәуелділігі – осы саланың өзекті проблемасы.
3. Сот ешқандай да қоғамдық, бұқаралық ақпарат құралдарының, блогерлер мен журналистердің қысымына қарамастан. Заң шеңберінде соттың ашықтығы мен жариялылығы қамтамасыз етілгенімен, ол судьяға қысым мен сот шешімін өзгерту құралы ретінде қолданылмауы керек.
 
Сонымен қоса, Мемлекет басшысы судья болуға үміткерлерге талаптарды халықаралық тәжірибеге сәйкес күшейту; кандидаттарды іріктеудің жаңа жолдарын қарастыру; сот үрдісіндегі қағазбастылықты шектеп, барынша оңтайландыру және халыққа ыңғайлы қылу; түрлі дау-дамайларды шешуде бітімгершілік тетіктерін қосуды тапсырды. Президенттің осы ескертпелері мен ұсыныстарына қарай отырып, сот жүйесін әлі уақыт сұранысына сай жетілдіру қажет екенін түсінеміз.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2020 жылы 23 қазанда ҚР судьяларының VIII съезіне бейнеконференция арқылы қатысып отыр
 2021 жылы 12 ақпанда өткен сот жүйесін жаңғырту жөніндегі кеңес бірқатар мәселенің басын ашып берді. Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы 5 жылдың ішінде соттың 17 өкілі сыбайлас жемқорлық фактісі үшін жауапқа тартылған. Сонымен қоса, осы кезеңде сот қазылары алқасының шешімімен 29 судья теріс әрекеттері үшін жұмысынан босатылған. Жақында Түркістан облысындағы алқа төрағасы мен облыстық сот судьясының жемқорлық фактісімен ұсталуын Президент «масқара жағдай» деп бағалады. Сондықтан жиында ең алдымен қоғамның сотқа деген сенімін нығайту, азаматтардың құқығын қорғау, білікті мамандарды жұмылдыру, соттың тәуелсіздігі, ақпараттық технология мүмкіндіктерін пайдалану, сот қызметін халыққа қолжетімді қылу, бюрократияны азайту жөніндегі тапсырмалар берілді. Осындай шешімдердің барлығы азаматтардың тұрмысы мен қауіпсіздігі, адамның игілігіне жұмыс істеу керектігін нақты айтты.
Мәжілістегі сот жүйелері мен судьялардың мәртебесіне қатысты заң жобаларын қарау 
Президенттің Кеңесте берген тапсырмасынан кейін сот реформасын заңнама тұрғысынан қамтамасыз ету үшін 17 ақпанда ҚР Парламенті Мәжілісінің арнайы  отырысы өтті. Жиында сот жүйелері мен судьяларының мәртебесіне қатысты бірқатар заң жобалары мақұлданды. Атап айтқанда, сот жүйесі мен судьяларының мәртебесіне қатысты Конституциялық заңға түзетулер енгізілді. Онда Жоғарғы соттағы әкімшілік істер жөніндегі сот алқасын құру және қазіргі мамандандырылған сот алқасын тарату көзделген. Жаңа заң жобасында Жоғарғы Сот Төрағасы және Жоғарғы Сот судьяларына қойылатын талаптар өзгертіліп, енді олардың біліктілік емтиханын алып тастау, заң мамандығы бойынша кемінде жиырма жыл жұмыс өтілін де жою ұсынылған. Сот жүйесін жаңғырту туралы заң жобасында инвесторлар қатысатын дауларды қарау сатылығы қайта қарастырылды. Сонымен қоса, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске бірқатар өзгерістер енгізіліп, оны «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» заңына сәйкес келтіруге бағытталды. 
Өткен жылы Қазақстан Республикасы өз Конституциясының 25 жылдығын атап өтті. Ата заңымызда мемлекет өміріне қатысты барлық маңызды бағыттармен қатар сот жүйесінің базалық қағидаттары да көрсетілген. Бұл қағидаттардың басым көпшілігі күнделікті жұмысқа, сот жүйесінің құқық қорғау сипаты: азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сот төрелігі арқылы қамтамасыз ету, олардың әрқайсысын соттың қорғайтынына кепілдік беру, айыпталушының кінәсіздік презумпциясы, жәбірленушіні қылмыстан, билікті асыра пайдалану принциптерінен қорғау және басқа да бірқатар қағидаттармен байланысты болады. Бүгінгі Қазақстанның сот жүйесі әлемнің ең озық мемлекеттерінің халықаралық деңгейде танылған стандарттарына сәйкес келеді. Сот жұмысының сапасы, оның әділдігі мен ашықтығы – кез-келген мемлекеттің демократиялық дамуының басты факторы. Сондықтан сот жүйесін модернизациялау мен заманауи тетіктерді пайдалану оның барлық деңгейінде өзекті болып қала береді.
Олжас Бейсенбаев