"Сырдария өзенінің деңгейі былтырғыға қарағанда жақсы" - министр

399
ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов  Қазақстандағы су мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

Смайыловтың сөзінше, су мәселесі еліміз үшін әрқашан өзекті мәселелердің бірі болып келген.


"Бұл мәселе бойынша біз арнайы жұмыстар жүргізудеміз. Көршілес елдермен тиісті комиссиялар мен жұмыс топтары құрылған. Біз екіжақты кездесулерде әрқашанда әріптестерімізбен кездесіп, бұл мәселелерді бөлек талқылаймыз. Мысалы, биыл біз Сырдария өзенінің бассейні бойынша 4 елдің арасындағы келісімге қол қойдық. Ол – Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан мемлекеттері. Соның нәтижесінде біз Шардара су қоймасына 5 млрд текше метр суды жинадық, сосын көктемде Көксарай су қоймасына 250 млн текше метр суды жинадық. Жыл басында Көксарай су қоймасы құрғақ еді. Жалпы былтырғымен салыстырғанда біз осы екі су қоймасына 340 млн текше метр су артығымен жинап отырмыз. Яғни, Сырдария өзенінің жағдайы биыл былтырғыға қарағанда жақсы", - деді ол.

Үкімет басшысы сонымен қатар Шу және Талас өзендері бойынша да Қырғызстан басшыларымен келісімге қол қойып, тиісті кестелер қабылданғанын айтты. Сөзінше, тауар өндірушілер қазір суды бекітілген кестемен алып отыр.


"Сонымен бірге Жайық өзені бойынша да былтырғымен салыстырғанда 430 млн текше метр су көп келіп отыр. Біз Ресей тарапымен де тиісті келісімге келдік. Жалпы айтқанда биыл сумен қамтамасыз ету былтырғыға қарағанда жақсы. Сондай-ақ бұл мәселе үкіметтің ерекше назарында", - деді Әлихан Смайылов.