Балық шаруашылығындағы мәселелерге байланысты онлайн кездесу өтті

165

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Арал ауданына жасаған іс-сапары барысында аудан тұрғындарымен өткен кездесуде балық шаруашылығындағы маңызды мәселелер көтерілген болатын. Аймақ басшысы саланың өзектілігін алға тартып, балық шаруашылындағы мәселелердің шешілу жолдарын жергілікті тұрғындармен бірлесіп қарауды басты назарға салған,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Осы орайда, Қызылорда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен балық шаруашылығы саласындағы мәселелерге байланысты Арал ауданының сала ардагерлерімен онлайн кездесу өтті. 

Басқарма басшысы Марат Құрманбаев жиынды ашып, министрліктің арнайы өкілдерін таныстырды. ZOOM платформасында өткен кездесуге ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасарлары Аян Бахиянов және Алмас Асылбеков арнайы қатысып, салаға қатысты мәселелерге зер салды. 

Жиында Кіші Арал теңізінің Сарышығанақ және Бутаковка шығанақтарынан көктемде балық аулау, қайықтар мен балықшылар санын ұлғайту, «Қосжар ауылында инкубациялық цех құрылысы» жобасын іске асыру және «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-нің Арал филиалын Қызылорда қаласынан Арал қаласына қайта көшіру мәселесі талқыланды.



Жиын барысында Арал ауданының еңбек ардагерлері Әділбек Айымбетов және Зауалхан Ермаханов министрліктің Балық шаруашылығы комитетінің өкілдерімен кездесуді жиі өткізуді, тиісінше балық шаруашылығына қатысты өзекті мәселелерді ашық талқылауды жеткізді.

 Сондай-ақ жиынға қатысушылар күн тәртібіндегі және салаға қатысты өзге де проблемаларға байланысты жан-жақты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.