Жұрттың бәріне мұнай-газ саласынан жұмыс тауып беру мүмкін емес – Тоқаев жаңаөзендіктерге қатысты

349
Маңғыстау облысында, әсіресе Жаңаөзен қаласында соңғы уақытта мұнайшылардың митинг өткізуі жиілеген. Жұмысшылар көп жағдайда жалақыны көтеруді, еңбек қауіпсіздігін арттыруды талап етсе, өзгелері осы мұнай-газ саласынан жұмыс тауып беруді сұрайды. Алайда, жұрттың бәрін мұнай компанияларына жұмысқа орналастыру мүмкін емес дейді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Мұндай пікірді Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты.

Мемлекет басшысының сөзінше, өңірде мұнай өндіру ісі соңғы 15 жылда 30 пайызға азайған. Соған қарамастан мұнайшылардың саны және олардың жалақысы едәуір артыпты.

«Халық саны көбейген сайын тұрақты жұмыс орындары ашылуы керек. Бірақ, Маңғыстау облысында осы мәселе ескерілмеген. Мұнда жөнсіз жүргізілген көші-қон саясатының салдарынан күрделі ахуал қалыптасып отыр. Тұрғындардың саны көбейгенімен, әлеуметтік инфрақұрылым салынған жоқ. Жұмыс орындары ашылмады. Тұрмыс сапасы төмендеп кетті. Жұрт «ҚазМұнайГаз» компаниясына жұмысқа тұрғызуды, жоғары жалақы беруді талап етуде. Ашығын айтқанда, Жаңаөзендегі кен орындарының көпшілігі сарқылып барады. Бұл жағдай баршаға мәлім. Соңғы 15 жылда осы өңірде мұнай өндіру ісі 30 пайызға азайған. Соған қарамастан, жұмысшылар саны 50 пайызға көбейді. Еңбекақы төлеу қоры 10 есе артты. Ал, көп жалақы төленетін үш өңірдің бірі – осы Маңғыстау өлкесі», - деді Қ.Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Қазіргі таңда Жаңаөзен орташа еңбекақының ең жоғары деңгейі бойынша көш бастап тұр. Үкіметте Жаңаөзенді дамыту үшін арнайы жоспар қабылданған. Республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөліп, салықты азайтып отыр.

«Жұрттың бәріне мұнай-газ саласынан жұмыс тауып беру мүмкін емес. Мұны ашық айтуымыз керек», - деп сөзін түйді Мемлекет басшысы.