Қызылордада Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен 31 адам тіркелген

360
Бүгінгі таңда аймағымызда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының эпидемиологиялық ахуалы нашарлауда, - деп хабарлайды Opennews.kz  ақпарат агенттігі.

2022 жылдың 1 қаңтарынан бүгінгі күнге дейін Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына күдікпен 31 науқас тіркелген. Ал, қазіргі күні Конго-Қырым қызбасымен ауырып, 2 науқас ем алуда. 9 науқас қанағаттанарлық жағдайда үйлеріне шығарылды.

Жалпы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын болдырмау, алдын алу шаралары да көптеп жүргізілуде. Облыстық медициналық емдеу алдын алу ұйымдарында аса қауіпті жұқпалы аурулармен (оба, тырысқақ, құтыру, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, т.б.) жұмыс жасауға дәрі-дәрмектер мен қорғаныс киім жиынтықтары толығымен қамтамасыз етілген. 

«Қызылорда облысы  Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан. Яғни аталған инфекцияның қоздырғышын тасымалдайтын иксодты кенелердің 16 түрі мекендейді. Биыл кене шағу фактілері былтырғы жылмен салыстырғанда үш есеге артқан. Кене шағу жағдайлары 2021 жылы 238 жағдай болса, 2022 жылы 601 дерегі тіркелді. Сонымен қатар кенелердің арасында ауру қоздырғышының анықталуы да өткен жылдан жоғары», - дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әбдіқайымова Әлия Мүтәліпқызы.