Алматыда субұрқақтарға 478 млн теңге жұмсалады

210
Алматы әкімдігі 63 субұрқақты күтіп-баптау үшін 478 млн 660 мың теңге жұмсайды, деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Алматы аумағында 128 субұрқақ орналасқан, тең жартысы - қала әкімдігінің меншігінде. Үстіміздегі жылы субұрқақтарды күтіп-баптауға жергілікті бюджеттен 478 млн 660 мың теңге бөлініп, “Eco Almaty” ЖШС-мен келісім-шарт жасалған. Ең қызығы Алматы әкімдігі компанияның есеп-шотына 211 млн 584 мың теңгені аударып үлгерген.
Мердігер компания Оңтүстік астананың субұрқақтарына жыл бойы қызмет көрсетіп, мамыр мен қазан аралығында олардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек дейді-міс.
“Eco Almaty” ЖШС-мен келісім-шарт тікелей жасалған. Яғни мемлекеттік сатып алу кезінде басқа компаниялардың ұсыныстары қаралмаған. Бұл компания өткен жылы Алматының да субұрқақтарына қызмет көрсеткенін айта кету керек. Бірақ 2021 жылы субұрқақтардың қызметіне жергілікті бюджеттен 309 млн теңге бөлінген - бұл биылмен салыстырғанда бір жарым есеге аз болып отыр.
“Eco Almaty” ЖШС өкілдерінің айтуынша, бір субұрқақты күтіп, баптап, таза ұстауға айына шамамен 500 мыңдай теңге кетеді.
Алматы еліміздегі ең көп субұрқақ орналасқан қала болып есептеледі. Егерде салыстыратын болсақ, Нұр-Сұлтанда - 73, Шымкентте - 23 субұрқақ бар. Десек те, алматылық тұрғындарға әкімдік  жарты миллиардқа қуаныш сыйлап тұр.