ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖАЛҒЫЗ ЖАҒАЖАЙДЫҢ САПАСЫ СЫН КӨТЕРЕ МЕ?

596
Сырдың жағасында тегін жағажайдың болмауы халықты әбігерге салуда,- деп хабарлайды Opennews.kz  ақпарат агенттігі.

Сырдың жағасын мекен еткен жергілікті тұрғындардың жаз айларында қалалық тегін жағажайға қол жеткізе алмағандығына наразылық білдіруде. Тұрғындардың айтуынша, ақылы жеке бассейндер мен демалыс орындарының бағасы қалта көтере бермейді. Ал, ақысыз жағажай қаламызда мүлдем жоқ. Сондықтан болар, жергілікті тұрғындардың өміріне қауіп төндірсе де,  тыйым салынған жерлерге барып шомылуды әдетке айналдырып алған. 

Ал, облыс орталығында орналасқан жалғыз жазғы жағажайының тұтынушыға ұсынып отырған қызмет түрлері көңіл көншітпей отыр дейді,-  қала тұрғындары. Ең қызығы, «Сыр Самалы» жағажайына кіру құнын қала әкімдігі өзі бекітіп береді екен. Ересектер үшін – 700 теңге, ал жасөспірімдерге - 400 теңге. Сонымен қатар, зейнеткерлер, көпбалалы аналар мен мүгедектігі бар жандар үшін 50% жеңілдік қарастырылған. 

«Біздің жағажайда күніне 6 құтқарушы қызмет көрсетеді. Жүзу аймағы арнайы мамандармен белгіленген. Сақтық шаралары толығымен сақталған. Ал, құстар мекеніне айналды деген әңгімеге оралсақ. Аққуларды арнайы сатып әкелген болатынбыз. Халық тамашалауы үшін. Екі дәретхана мен киім ауыстыру орны да қарастырылған.»,- дейді жағажай әкімшілігі.

Ал, жағажайға демалушылар саны да аз емес. Себебі қаламыздағы жалғыз жағажай болып отыр. 

«Мен Ақтау қаласынан келген едім. Біз жақта теңіз жағасындағы жағажайға демалу құны – 500 теңге. Алайда тегін жағажайлар да жетерлік. Ал, айырмашылық көрсетілетін қызмет түрі жер мен көктей екен.»,-деді Балжан Бауыржанқызы.


«Жағажайға екі баламды алып келген болатынмын. Алайда, балаларымның табанына тікен кіріп, әбіржіп қалдық. Төселген құм тікен аралас екен. Есік алдын торуылдаған күзет қызметі, кірген адамдарды ғана санап тұрмай, кішкене бақылау жұмысын күшейтсе екен»,- дейді Жанар Жолдасқызы.


Біле білсек, бір жыл бұрын судағы қайғылы жағдайлардың орын алуының жиілеп кеткендігіне байланысты, Қызылорда қаласының экс-әкімі тегін жағажай салып беремін деп берген болатын. Алайда, судың сапасыздығын алға тартқан экс-әкім Ғанибек Қазантаев  уәдесін орындамаған болатын.