ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНДА 45,7 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ ЖӨНДЕУДЕН ӨТКІЗІЛУДЕ
Биыл Қызылорда қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында 45,7 шақырымды құрайтын 50 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қазіргі таңда 14 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды.
Оған қоса, 8 көшенің жөндеу жұмыстары бойынша мердігер мекемемен келісім шарт жасалса, 26 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған.
Ал, 2 көшеде (Ж. Бекқожаев, Төле би) орташа жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.
Мұнан өзге, ұзындығы 4,6 шақырымды құрайтын С.Бейбарыс көшесінен «Қызылжарма» каналы – Назарбаев даңғылына дейін магистральды көше құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Жобаға сәйкес, жол бойы ұзындығы 4,6 шақырымды құрайтын веложолақпен, автобус аялдамалары, жарық бағаналары және «Жібек жолы» каналы арқылы автомобиль көпірі, жаяу жүргіншілер жолы, суағарлармен қамтылған.
Сонымен қатар, Қызылорда темір жолында жүріп жатқан күрделі жөндеудің үшінші кезеңі басталды. Бұған дейін Сауран-Талап-Бесарық станциялары аралығында 25,656 шақырым, Қызылорда-Қараөзек телімінде 20,521 шақырым жол күрделі жөндеуден өткен.
«Integra Construction KZ» мекемесі Батыс дирекциясының жол салушылары ми қайнатар аптап ыстыққа қарамастан жұмысты жалғастыруда. Дирекция басшысы Дәурен Сұлтамұратов бүгінде Байқожа-Бостандық-Ақжар-Төретам станциялары аралығындағы 23,918 шақырымды күрделі жөндеу басталып кеткенін жеткізді. Жол табаны Р-65 маркалы су жаңа отандық өніммен жаңғыртылуда. Кешегі күні жаңа учаскедегі алғашқы толаскез алынып, 750 метрлік аумаққа рельс тізбектері төселген. Күрделі жөндеу кестеге сай жүріп жатыр.
Иә, биылғы төл мерекеге сырбойылық теміржолшылар толымды табыспен жеткелі отыр. Яғни, аймақта жоспарланған күрделі жөндеу толық аяқталады. Жол сапасы жоғары болса, пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігі артады. Ал қауіпсіздік – теміржолшылар- дың басты ұстанымы. Сондықтан аймақта мердігер компания жүргізіп жатқан күрделі жөндеу жұмысына Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі мен Қазалы жол дистанци- ясының басшылық құрамы бақылау жасап, жұмыстардың технологиялық талап деңгейінде жасалуын басты назарда ұстауда.