Солтүстік Қазақстанды Ресейге қосуға үгіттеген ерлі-зайыптылар 5 жылға бас бостандығынан айырылды
Петропавлда әлеуметтік желі арқылы Солтүстік Қазақстанды Ресей Федерациясына қосуды ұсынып келген ерлі-зайыптылар бес жылға сотталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Сот Қылмыстық кодекстің 180-бабының 2-бөлігімен (Қазақстан Республикасының біртұтастығы мен тұтастығын, оның аумағына қол сұғылмауын және бөлінбеуін бұзуды не мемлекетті ыдыратуды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру, сол сияқты осындай мазмұндағы материалдарды тарату мақсатында дайындау, сақтау немесе тарату) ерлі-зайыптыларға қатысты қылмыстық істі қарады.
Іс материалдарынан анықталғандай, ерлі-зайыптылар әлеуметтік желілерде Қазақстан Республикасының Солтүстік Қазақстан облысының Ресей Федерациясына қосылуына қатысты "Қазақстан Республикасының біртұтастығын сақтау тұрғысынан саяси және әлеуметтік тәуекелдерге әкеп соқтыратын әлеуметтік қауіпті мәлімдемелер" жариялаған. Олар мұндай мәлімдемелерін бүкіл әлемнен пайдаланушылармен бейне арқылы байланысуға мүмкіндік беретін танымал сервис - "Чат рулетка" қосымшасында жасаған.
Прокурор айыпталушылардың әрқайсысын 5 жылдан бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушылар кінәларын мойындамай, өздерін ақтауды сұрады.
Сонымен қатар, сотта атап өтілгендей, экстремистік қылмыстар санатына жатқызылған бұл әрекет үшін бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. Ал Қылмыстық кодекстің 63-бабының 6-бөлігіне сәйкес, экстремистік қылмыс жасағаны үшін шартты жаза қолданылмайды.
Істе сотталушылардың қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын немесе жеңілдететін мән-жайлар болмаған.