ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ: ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 357 ЖОБАҒА ҚАРЖЫЛАЙ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛДІ

144
Кәсіпкерлік саласын қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден 19,9 млрд теңге қаралып, жыл басынан бері 357 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

"Өңірімізде өңдеу саласын дамытуда шағын және орта бизнес субъектілерінің белсенді жұмыстары маңызды. Бұл ретте кәсіпкерлік саласын дамытуға биыл өңірде барлық көздерден 19,9 млрд. теңге қаражат бағытталуда", - деді аймақ басшысы облыстық мәслихаттың кезекті 17-ші сессиясында. 

«Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығына 1,2 млрд. теңге бөлініп, нәтижесінде 64 жоба 360,7 млн. теңгеге қаржыландырылды. 
«Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде 5,2 млрд. теңге бөлініп, жыл басынан бері несие портфелі 6,4 млрд. теңгені құрайтын 171 жоба субсидияланып, 122 жобаға кепілдік берілді. 
Мұнан басқа, Аграрлық несие корпорациясымен биыл 9 млрд. теңге қаралып, бүгінгі күні 4,5 млрд. теңгеге 138 жоба қаржыландырылды. 

Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде, облыста тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 5,3%-ға, ал жұмыс жасап тұрғандарының саны 7,9%-ға ұлғайды. 2022 жылы шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 20%-ға жеткізу көзделуде.


2016 жылдан бастап Қызылорда облысының Шиелі ауданында «Ару Ана» сүт өнімдерін өңдеу цехы жұмыс жасап келеді. Кәсіпорын шұбат және сиыр сүтін өңдеп, қаймақ, йогурт, сүт, айран, сүзбе, құрт өнімдерін нарыққа шығаруда. 2018 жылдың мамыр айынан бастап түйе сүтінен майлылығы 6 пайыздық балмұздақтың шоколадты, ванильді, құлпынайлы, «бабл гум» кілегейлі түрлері өндіріледі.
Атап өту қажет, «Ару Ана» цехінің өнімі сапа стандарттарына жауап береді және нарықта сұранысқа ие.
Жергілікті өндірістің сүт өнімдерін Қызылорда қаласының келесі сауда нүктелерінен табуға болады:
- Ғ. Мұратбаева 82 орналасқан Қызылорда № 1;
- Ғ.Мүсрепов 73 орналасқан Қызылорда № 5;
- С.Бейбарыс 170 орналасқан Қызылорда № 6;
- Ш.Есенов 36 орналасқан Қызылорда № 7.

Бүгінде өңір кәсіпкерлеріне, жеңілдетілген несиелер беру, қаржылай қолдау көрсету өрісі айтарлықтай кеңеюде. Соның дәлелі құрылыс саласында 10 жылдан астам уақыт жұмыс жасап келе жатқан жеке кәсіпкер Жасұлан Әбілов. 
Ол алты жыл бойы құрылыс заттарын шығаратын кәсіпкерлердің құрал-жабдықтарын құрастыру, оны қондыру ісімен айналысқан. Соңғы төрт жылдың көлемінде өзінің цехын ашып, құрылысқа қажетті заттарды шығару ісін қолға алған. 
Қазіргі таңда «Абилов» жеке кәсіпкерлігі пенобетон, пескоблок өнімдерін шығарады. 
"Төрт жыл бұрын өз цехымды ашып, құрылысқа қажетті өнімдерді шығаруды бастадым. Өткен жылы мемлекеттің қолдауы арқылы цехты кеңейтуді көздеп, «Қызылорда өңірлік инвестициялар орталығы» бойынша 10 млн. теңге несие алдым. Оған пенобетон өндіру үшін жабдықтар сатып алынды. Барлығы компьютер арқылы басқарылады. Тұтынушының сұранысына қарай кез келген үлгіде жасап беруге тырысамыз. Қызмет алған тұтынушылардың барлығы риза", - дейді Жасұлан Әбілов. 
Қазіргі таңда кәсіпкер тек өнім шығарып қана қоймай, оны жеткізу, қондыру жұмыстарын да жүзеге асырады.
Кәсіпкер бизнес бастаған алғашқы жылдары үйін кепілге қойып, екінші деңгейлі банктерден несие алып жүрген. Алайда олардың пайызы көп болған соң, қазіргі күні мемлекеттің қолдауына арқа сүйеп отыр. Оның айтуынша, мемлекет тарапынан берілген несиенің пайызы аз, оған қоса алғашқы алты айында демалыс береді.
"Мемлекет қолдауының арқасында кәсібіміз кеңейіп, несие төлеуден жарты жылға босату ісіміздің алға басуына көп септігін тигізуде. Бүгінгі күннің өзінде қала тұрғындарының тарапынан сұраныс көбейіп жатыр. Жұмыс күші де жеткілікті" - дейді кәсіпкер. 
Жалпы цехта 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.