«Балаларымыз неге қазақша оқыдық деп өкініп жатыр» – наразы ата-аналар Назарбаев мектебіне жиналды
Балалары Назарбаев зияткерлік мектебінің (НЗМ) Нұр-Сұлтан қаласындағы IB Халықаралық бакалавриатына түсе алмай қалған бір топ ата-ана бүгін мектепке келіп, наразылық білдірді. Жиынға БАҚ өкілдері де келген. Олардың алдына шыққан дербес мектептің басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова ата-аналармен едәуір дауласып, ортақ тіл табыса алмады. Мектеп басшылығы өз шешімін ұсынады. Алайда «балаңыз нақты мектеп грантын алады» деген жауапты естімеген ата-аналардың көңілі жайланар емес. Ulysmedia.kz порталының тілшісі бүгінгі жиынға барып, наразылық неден туындағанын біліп қайтты.
Ата-аналар қазақ тілінде оқитын оқушыларға қарағанда орыс тілінде оқитын балаларға жағдайдың жақсырақ жасалғанын айтып шағымданады. Мәселен, биыл НЗМ IB мектебінің қазақ бөліміне 936 өтініш, орыс бөліміне 706 өтініш түскен. Яғни қазақ тілді бала саны 230-ға көп болған. Алайда сыныптарды мектеп басшылығы тең бөлуді жөн деп санаған.
Ата-аналардың айтуынша, осының салдарынан қазақ тілінде оқитын балалар жоғары балмен грантқа түсе алмай қалған. «Қазақ тілін таңдағаны үшін!» дейді олар.
ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ОРЫС ГРАНТТАРЫН 50/50 БӨЛУ – ӘДІЛЕТСІЗДІК
Баласы ұпай жағынан 82-ші орын иеленген, 7-ші сыныптағы Адинаның анасы Гүлдана Тасмағамбетова алғашында жақсы бал алған 96 бала бір-бірін құттықтап, қуанғанын айтады. Кейін тек 75 бала грантқа ие болатынын естігенде кейбірінің баласы уайымға түсіп кеткен. «Қызым енді ғана ес жиып отыр» дейді ол.
«Балам үлкен депрессияға түсіп кетті. Енді ғана беті бері қарап келе жатыр. Президент Тоқаев мырза биыл Балаларды қолдау жылы деп жариялағаны белгілі. Осы жылы біздің НЗМ-ның ІВ мектебінде гранттар санын былтырғыдай 96 емес. 75 грантқа дейін азайтып отыр. Неге ондай әділетсіздік болады? Неге ана тіліне дискриминация танытады? Менде үлкен сұрақ бар. Жаңа Қазақстан жылында балаларымыздың болашағына деген үмітіне балта шауып жатырмыз», - дейді ол.
Гүлдана Тасмағамбетова Назарбаев зияткерлік мектебі ең мықты балаларға білім беруді шектеп отыр деп есептейді.
«Біздің үлкен шартымыз: биыл бір қазақ сыныбын ашу! Ел болашағы үшін ең мықты балаларға ақысыз сынып ашып берсін! Біздің көтеріп отырған мәселе – мектепте гранттар саны 50/50 пропорциямен бөлінбеуі керек. Біз қазақ елінде тұрамыз. Конституцияда ана тіліміз мемлекеттік тіл ретінде бекітілген. Грант қазақ тілінде көбірек берілуі тиіс. 50/50 пропорциямен бөлу – әділетсіздік, ана тілін шеттету. Менің 4 балам қазақ тілінде оқып жатыр. Сондықтан баланы орыс тілінде оқытуға мотивация берілмесін!» - дейді ол.
Гүлдананың қызы Адина Мерғали да жиынға келген. Оның айтуынша, қазақ тобында тест тапсырған балалар жоғары балға ие болғанымен, грантқа түспей қалған. Ал орыс сыныбында аз бал алған оқушылар одан аз балмен өтіп кеткен. Балалар 6 пәннен тест тапсырған. Адина бір жыл осы емтиханға дайындалып, өте көп күш жұмсағанын айтады. Ол математикадан 400 балдың 303 балын, ағылшын тілінен 200 балдың 188 балын, қазақ тілінен 200 балдың 150 балын, жаратылыстанудан 200 балдың 180-ін алған.
БАЛАЛАРЫМЫЗ АНА ТІЛІНЕН АЙНЫП КЕТПЕУІ КЕРЕК!
Ата-аналардың тағы бірі Қайрат Шаяхметов мектеп басшылығы берген ақпарат бір-біріне қарама-қайшы екенін айтады.
«Осыдан екі ай бұрын келіп, мәселемізді айтқан кезде алдымызға әкімшілік шығып, «біздің мектепте орын шектеулі, бәрін қабылдауға мүмкіндік жоқтығын» айтқан болатын. Санитарлық нормаларға сәйкес артық бала қабылдай алмайтынын айтты. Бірақ біз қанағаттанған жоқпыз. Жақында бізге «балаларды ақылы оқытуға мүмкіндік бар» деген хабар келді. Бірде 3 млн теңге, екіншіде 4 млн теңге көлемінде оқыта аласыз дейді. Демек, бұл мектептің оқытуға мүмкіндігі бар. Сондықтан алдыңғы ақпарат жалған болып тұр», - дейді ол.
Оның айтуынша, қазақ балаларының болашағына балта шабылып жатыр.
«Балаларымыз «неге біз қазақша оқыдық» деп өкініп жатыр. Бірталай бала мемлекеттік тілден орысша тілге ауысуға ниетті. Өйткені орысша оқысаң мүмкіндік көбірек ашылып тұр. Меніңше, тек осы мекеме мемлекеттік бюджеттен ақша алып отырса, Қазақстан болашағын ойласа, мүмкіндік сай берілуі тиіс. Біз орысша сыныптарды қысқартсын деп талап етпейміз. Тек қазақ тілінің болашағын, балаларды шектемеуі керек. Қазақ балалары өз ана тілінен айнып кетпеуі керек. Өкінішке қарай бізде сондай үрдіс қалыптасып тұр. Біздің талабымыз біреу-ақ: Нұр-Сұлтан қаласында НЗМ ІВ мектебіне қосымша бір қазақ сыныбы ашылсын! Басқа талабымыз жоқ», - дейді Қайрат Шаяхметов.
Оның айтуынша, ата-аналардың бәрі де НЗМ ІВ мектебіне жылдағыдай 100 бала қабылданады деп ойлаған. Гранттың 75 орынға дейін азайтылатынын ата-аналар кейін білген.
МЕКТЕП БАСШЫЛЫҒЫ НЕ ДЕЙДІ?
Жиында НЗМ басшысы Күләш Шәмшидинова ата-аналармен едәуір дауға келіп қалды. Тесттің әділетті өтетінін жеткізгісі келді. Сөз арасында ата-аналар айтып отырған мәселелерді шешетін жол ұсынды.
«Біріншісі - гранттан бас тартқан 47 бала бар. 47 бала орнын резервке өткізу туралы біз қазір министрлікке ұсыныс береміз. Бұл бір жол. Екінші жол – мектептен кеткен 8-12 сынып аралығындағы балалардың өтініштерін біз жинап жатырмыз. Бас тартқан өтініштерді біз 7 сыныптың грантына береміз. Біз қазір айта алмаймыз. Қазір бүкіл жүйеге келіп түскені – 102. Әлі де 1 қыркүйекке дейін күтеміз», - дейді ол.
Күләш Шәмшидинованың айтуынша, мәселені шешудің екінші жолы мынадай:
«Жатақханаға 2400 бала келеді деп күтіп отырмыз. 1 тамыздан бастап жатақханаға орналастыру туралы арыздарды қабылдай бастадық. Осы арыздардың негізінде 2400 баладан кем бала келетін болса, одан артылған қаражатты 7-ші сыныпқа береміз. Бұл да 1 қыркүйектен кейін белгілі болады. Қазір біз осы екі мәселені қарап отырмыз. Грант қалай белгіленеді – сол кезде береміз. Назарбаев зияткерлік мектептері бәрібір жақын арада 21-ден артық көбеймейді. Сондықтан жыл да оқуға түспейтін балалардың саны көбейе беруі мүмкін. Осыған байланысты екі жылдан бері онлайн мектеп бағдарламасын дайындап жатырмыз. Биыл жыл соңына дейін біздегі дайын химия, биология, информатика даяр. Оқуға түспеген бірінші резервтегі 20 баланы ақысыз қабылдаймыз. Қазақстан тарихы мен география апробациядан өтуі керек. Бұл пәндерді бүгінгі заңдарға байланысты қосымша білім беруге кіргіземіз де, бірақ ЖОО-лармен жұмыс істейміз. Біздің курстан өткен балалар оқуға түскен жағдайда сол пәндер бойынша несиелік жүйе арқылы қабылдау туралы... Бұдан басқа біздің қолымыздан келетін басқа шара жоқ», - деп түйді ол.
Жиын едәуір қызу, пікірталаспен өтті. Ата-аналар Күләш Шәмшидиноваға «қолыңыздан келмесе, айтыңыз, сіздің отставкаңыз туралы петиция жинаймыз» деп те айтып қалды. Мектеп басшысы «жазсаңыз жаза беріңіз» деп жауап берді.
ПРОПОРЦИЯ 50/50 БОЛЫП ҚАЛА БЕРЕ МЕ?
Ақыры, ата-аналармен даудың соңында Күләш Шәмшидинова орнынан тұрып кетіп қалды. Артынан ілесіп, кабинетіне барғанбыз. Мектеп басшысынан мектепке бөлінген бюджет жайлы сұрағанымызда ол шығынның артып бара жатқанын айтты.
«Балаларды оқыту үшін республикалық бюджеттен 35 млрд 442 млн теңге бөлінген. Біздің шығынымыз – 40 млрд 288 мың теңге. Бұл жетпей тұрған 4 млрд 800 мың теңге – жалақы. Себебі гранттың 85 пайызын мұғалімдердің жалақысы құрайды. Қалған 15 пайызы – мектептің коммуналдық шығыны. Не үшін жанталасып күн батареясын қойып жатырмыз. Себебі жазда олар электр энергиясын 30 пайызға дейін үнемдейді», - дейді ол.
Сөз соңында Күләш Шәмшидинова Білім және ғылым министрлігіне бөлінетін гранттар санын 50/50 емес, қазақ бөліміне басымдық бере отырып, 70/30 пропорциясымен бөлу туралы өтініш беретінін айтты. Алайда оны министрлік құрған республикалық комиссия шешеді. Комиссия төрағасы – Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Наразы 25 ата-ананың проблемасы осы. Алайда мектеп басшылығына ата-аналар қоятын талап бар да, қоғам қоятын екінші талап тағы бар. Ол – қазақ тілінің мәселесі. Қазақстан секілді басқа елдің тіліне 50/50 пропорциямен басымдық беріп отырған әлемде мемлекет жоқ шығар. Ең өкініштісі, аралас мектептерді санамағанда Қазақстанда тек таза орыс тіліндегі жай орта мектептің саны 1200-ден асады. Ал Қазақстанға серіктес Ресей бірнеше жыл бұрын қазағы көбірек облыста соңғы қазақ мектебін жауып тастаған.