ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ БАЛАЛАРҒА ТОЛАҒАЙ ТАРТУ
206
Биыл Қызылорда облысында 80 спорт және балалар ойын алаңдары салынатын болды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Игі бастама Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес жарияланған «Балалар жылы» аясында жүзеге асырылады.
Игі бастама Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес жарияланған «Балалар жылы» аясында жүзеге асырылады.
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұл жұмыстарды қала, аудан әкімдеріне демеушілер арқылы өңір бүлдіршіндеріне тарту ретінде жүзеге асыруды тапсырып отыр. Бүгінде демеушілер есебінен салынатын ойын алаңдарының аумақтары белгіленіп, қажетті жер телімдері табысталған.
Өңірде салынуы жоспарланған ойын және спорт алаңдарының 50-і облыс орталығында, қалған 30-ы аудандарда салына бастады. Оның ішінде алаңқай спорттық тренажерлар, балалар ойын және футбол алаңымен қамтылады. Бұл нысандарды салуда негізінен қаланың шет аймақтары мен ауылдық елді мекендерге үлкен басымдық беріліп отыр.
Қазіргі уақытта Қызылорда қаласында 32 алаңның құрылысы басталған. Ал аудандарда 6 ойын алаңының құрылысы аяқталып, 5 алаңның құрылысы жүргізілуде. Осындай жұмыстардың нәтижесінде межеленген 80 алаңды қыркүйек айында толық пайдалануға беру жоспарда тұр.
Қызылордалықтардың биылға жоспарланған мақсатты жұмыстары мұнымен шектеліп қалмақ емес. «Балалар жылы» аясында жыл соңына дейін облыс аумағында тағы 10 нысан пайдалануға беріледі деген болжам бар. Оның ішінде 6 мектеп, дарынды балаларға арналған 2 орталық, 1 балабақша, оқушылар үйі мен өнер мектебі бар. Мұнымен қоса жаңа оқу жылы қарсаңында жергілікті кәсіпкерлер 3 жекеменшік мектепті іске қоспақ.
Ал балалар жылындағы ең үлкен сый – Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі оқушылар сарайын салу туралы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен келісім жасалды. Бұл зәулім ғимарат Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан жаңа тұрғын ауданда бой көтеретін болады.
Сонымен қатар, тұрғындардың спорт нысандарына қолжетімділігін арттыру мақсатында облыс көлемінде 7 дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 6 мәдениет нысанын пайдалануға беру де көзделіп отыр.Жалпы «Балалар жылы» аясында қызылордалық бүлдіршіндерге жан-жақты жағдайлар мен қолдаулар қарқынды көрсетілуде. Соның бірі биылдың өзінде 8 мыңнан астам бала өңірдегі лагерьлерде тынығатын болады.
Сондай-ақ «Атамекен» балалар ауылының түлектеріне «Қорқыт ата» атындағы Қызылорда университетінің білім гранты табысталып, 45 балаға «Қамбаш» лагеріне жолдама табысталған. Сонымен қатар көпбалалы отбасылар үшін облыс орталығынан 50 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді.
Жалпы өңірде балалар игілігі үшін жасалып жатқан ізгілікті істер аз емес. Соның ішінде 1 маусым «Балалар күні» қарсаңында орталық стадионда ауқымды мерекелік шара ұйымдастырылды. Шара барысында арнайы санаттағы балалар мен халықаралық олимпиада жүлдегерлері атанған 100 балаға велосипед, 10 ноутбук және «Балдәурен» республикалық лагеріне жолдама үлестірілді.