АЛАЯҚТЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҢ БАСЫМ БӨЛІГІ ИНТЕРНЕТ АРҚЫЛЫ ЖАСАЛУДА
315
Жыл басынан бері аймақта алаяқтық қылмыстардың 529 дерегі тіркелген, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жалпы облыс аумағында бұл санаттағы қылмыстар азайғанмен, интернет-алаяқтық мәселесі көбеюде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Қызылорда облысының полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Данияр Денесұлы мәлімдеді.
"Осы жылдың 7 айында алаяқтық қылмыстарының 529 дерегі тіркелсе, оның 288 дерегі интернет-алаяқтық қылмыстары құрайды. Бүгінде алаяқтар жиі қолданатын алдау тәсілдерінің бірі – ұялы телефонға хабарласып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, жәбірленушіні әртүрлі тәсілдермен алдау арқылы атынан несие рәсімдетіп немесе есепшотындағы қаражатын бейтаныс тұлғалардың есепшоттарына аудартып алу. Осыған ұқсас жағдай, өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырып, «жақыныңыз есірткі затымен ұсталып қалды, сотталайын деп тұр» деп алдау тәсілдері де бар. Өткен айда осындай 31 алаяқтық қылмыс жасаған күдікті құрықталып, тергеу амалдары жүргізілуде", - деді Д.Денесұлы.
Сонымен қатар, әлеуметтік желілер мен онлайн хабарландыру қосымшаларында қаражатты еселеп беру, тиімді шартпен сауда-саттық жасау тәсілдерімен қызықтыру арқылы алдау деректері де жиі кездеседі. Алаяқтық қылмыстарының, оның ішінде интернет алаяқтық қылмыстарының алдын алу мақсатында Қызылорда облысы полиция департаментімен арнайы жоспар құрылып, қажетті іс-шаралар атқарылуда.
Брифинг барысында полиция департаментінің өкілі облыс тұрғындарын қарапайым сақтық шараларын сақтауға шақырды.
Сондай-ақ, тұрғындардың қаржы сауаттылығын арттыру және финанстық қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысында сақ болуы айтылды. Бұл туралы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қызылорда қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының бас маманы Мұрат Сарманов баяндады.
"Жалған сатып алушылар өз құрбандарына телефон соғып, тауарды сатып алғысы келетінін және алдын ала төлем енгізуге әзір екенін айтады. Бұл ретте алаяқтар өздерін бухгалтерлер немесе фирмалардың дректорымыз деп таныстырып, ЖСН, картаңызбен байланыстырылған телефон нөмірін, банк картасының нөмірі секілді құпия деректемелерді сұрайды. Ақша аударымын растау үшін телефон нөміріне жіберілген хабарлама кодын айтып беруді сұрайды. Әсіресе, бұл интернет-сауда алаңдарында жиі кездеседі. Себебі сатушы мен сатып алушы арасындағы қарым-қатынасты ешкім реттемейді. Сондықтан жеке деректермен қандай да бір операция жасауда сақ болған жөн", - деді М.Шахыбекұлы.