Қызылордада халықаралық іздеуде жүрген күдікті ұсталды
Қызылордада патрульдік полиция қызметкерлері мас адамды ұстады. Планшеттің көмегімен оның халықаралық іздеуде екені анықталған деп хабарлады Opennews.kz ақпарат агенттігі turkystan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Профилактикалық іс-шаралар барысында Қызылорда қаласы ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері №2 әкімшілік аймақтағы Тоқмағамбетов көшесі бойында 32 жастағы мас адамды ұстады. Медициналық тексеруден өту үшін ол наркологиялық диспансерге жеткізілген. Деректерді анықтау кезінде электрондық планшет арқылы құқық бұзушы мамыр айында ұрлық жасағаны үшін халықаралық іздеуге жарияланғаны және 4 ай бойы полициядан қашып жүргені анықталды.
Алайда күдікті сұрақ қою барысында өзінің іздеуде жүргенін біле тұра, полицияға өзі туралы жалған ақпарат беріп, аты-жөнін өзгертіп айтқан.
Қазір ұсталған күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, басқа да осы тектес қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.