Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша Қазақстан Республикасының ХХVIII ерлер арасындағы, VIII әйелдер арасындағы жазғы чемпионатының жеңімпаздары анықталды
326
Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша Қазақстан Республикасының ХХVIII ерлер арасындағы, VIII әйелдер арасындағы жазғы чемпионатының жеңімпаздары анықталды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Тамыз айының 6-сы күні Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша жазғы чемпионаттың жеңімпаздарын марапаттау сәті мен аталмыш чемпионаттың жабылу салтанаты өтті.
Алдымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні тыңдалды. Одан соң Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы полковниік Руслан Сламбекұлы Қайрақбаев сайыс барысында жоғары кәсіби-спорттық шеберлік көрсеткен қатысушыларды марапаттап, дипломдар мен естелік сый-сияпатты табыстады.
Ерлер арасындағы чемпионаттың нәтижесінде ұпай сандарының айырмашалығына орай 1-ші жалпыкомандалық орынды Атырау облысының командасы, 2-орынды Маңғыстау облысының командасы, 3-орынды Нұр-Сұлтан қаласының командасы қанжығаларына байлады.
Ал, әйелдер арасындағы 1-ші жалпыкомандалық орынды Түркістан облысының командасы иеленді. Нұр-Сұлтан қаласының әйелдер командасы 2-орынды алды. Алматы қаласының әйелдер командасы 3-орынға лайықты деп табылды. Жалпыкомандалық жарыстың жеңімпаздарына кубоктар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ чемпионаттың жеңімпаздары қазан айында Өзбекстан Республикасында өтетін Халықаралық чемпионатқа қатысатын болады.
Іс-шара барысында концерттік бағдарлама көпшіліктің назарына ұсынылып, жеңімпаздарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Соңында Қызылорда облысы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің» қызметкері Әли Дүйсебековтің орындауында «Құтқарушылардың Гимні» тыңдалды.
Жазғы чемпионаттың жабылу салтанатын жергілікті телеарна мен баспасөз журналистері және Өңірлік коммуникациялар қызметінің мамандары да тамашалады, іс-шара соңында олар чемпионат жеңімпаздарынан сұхбат алды.
Қызылорда облысы ТЖД