Қызылорда қаласындағы мектептердің бірінде мұғалімдер мектеп формасын сатып алу үшін ақша жинап жатқандарын айтып, шағымданды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Форма үшін мұғалімдерге 46 000 теңге төлеу міндеттелген.
Жазбадағы мәліметке сүйенсек, Қызылорда қаласындағы Абай Құнанбаев атындағы мектепте ақша жинау жиі болып тұрады екен.
"Неліктен мұғалімдерден ақша жинаудың жаңа түрлері жылдан-жылға пайда болады? Онсызда газет-журналға жазылуға, жөндеу жұмыстарына ақша береміз, енді форма (костюм, юбка) сатып алуға міндетті ете ме? Біздің мектепте 400 адам жұмыс істейді, бұл санды 46 000 теңгеге көбейткенде 18 миллион теңге шығады. Бұл сомаға олар бізге қандай киім тіккелі жатыр?", - деп шағымданады мұғалімдер.
Мұғалімдер ательеде өз костюмін тігу үшін неге біркелкі эскиздер берілмейді деп таңғалады. Мұның орнына олар ерікті-міндетті түрде сатып алуға мәжбүр.
"Мұғалім – ең алдымен шығармашылықтың адамы, дара тұлға. Не себепті барлығы бірдей киінуі керек? Мұғалімдерге қойылатын басты талап – іскерлік киім мен біліктілік болуы тиіс. Бұл мәжбүрлеу арқылы біреудің киім тігетін фирмасын жарнамалап жатқан жоқ па? Бұл сұрақтарға кім жауап береді?", - дейді авторлар.
Қалалық білім бөлімі бұл мәселеге қатысты биылғы жылдың 30 наурызында мектепте педагогикалық кеңес өткенін айтты.
"Онда мұғалімдердің әдеп кодексі бойынша сыртқы келбеті мәселесі қарастырылды. Мұғалімдердің бірыңғай үлгідегі формаға көшу туралы ұсынысы негізінде шешім бірауыздан қабылданды. Сондай-ақ мұғалімдерге арналған костюм қалай болады, қандай матадан тігіледі, қайда тігіледі деген мәселе де шешілді. Ұстаздар тарапынан бұл жөнінде ешқандай қарсылық түскен жоқ", - деп мәлімдеді қалалық білім бөлімі.