«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы елімізге не береді?
Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Бұл мәселе туралы баяндаған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының негізгі мақсаты – атмосфералық ауаның ластануын азайту, қалдықтарды, су ресурстарын және орман шаруашылығын басқару жүйесін жетілдіру.
Жылу орталығын газға ауыстырудың пайдасы көп
С.Брекешев «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы қолайлы өмір сүру ортасы мен экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталғанын атап өтті. Ұлттық жоба 4 бағытты, 11 міндетті, 19 көрсеткішті және 48 іс-шараны қамтиды.
2021 жылы ұлттық жобаны іске асыруға 89,3 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 27,6 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 15 млрд теңге және бюджеттен тыс 46,7 млрд теңге қаржы көзделген. Биыл ұлттық жобаның іс-шараларын іске асыруға шамамен 161 млрд теңге жоспарланды.
2021 жылдың қорытындысы бойынша барлық негізгі көрсеткішке қол жеткізілді. Жедел мәліметтерге сәйкес, осы жылдың І жартысында жоспарланған көрсеткіштер де орындалуда. «Атмосфералық ауа сапасын жақсарту» шаралары шеңберінде 10 ірі қалада 5 жыл ішінде 16 ірі кәсіпорында шығарындыны 20%-ға қысқарту көзделіп отыр. 2021 жылы 16 кәсіпорын атмосфералық ауаға 655 мың тонна ластаушы заттар шығарды, бұл 803,8 мың тонна лимит кезінде 2020 жылғы деңгейден 3%-ға төмен. Осы жылдың 6 айында кәсіпорындардың эмиссиялары 293,2 мың тоннаны құрады, бұл былтырғы сәйкес кезеңінен 6,7%-ға төмен», деді С.Брекешев.
Бұл көрсеткішке табиғатты қорғау іс-шараларымен қатар, өнеркәсіпті модернизациялау есебінен қол жеткізілді. Ол үшін кәсіпорындар өз қаржысынан 15,4 млрд теңге бөлді. Мысалы, «АрселорМиттал Теміртау» қоғамының Болат департаменті агломерат бункерлер корпустары шаң тазалау жабдықтарын жаңартып, қазандық агрегаттарының электр сүзгілеріне жөндеу жүргізді. Бұл шара шығарындыны 1,1 мың тоннаға азайтуға мүмкіндік берді. Әктасты ұсақтау корпусының шаң тазалайтын жабдықтарын қайта құру және электр сүзгілерін орнату арқылы агломераттарды жентектеу аймағының газ шығару жолын қайта жаңарту бойынша жұмыстар басталды. Жұмыс биыл аяқталады. Жалпы, кәсіпорын бойынша 2025 жылға 30%-ға төмендету жоспарланып отыр.
Алматыда екінші жылу электр орталығын газға ауыстыру жоспарланған. Бұл 2025 жылға қарай ластаушы заттар шығарындыларын 80%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Ал Атырау мұнай өңдеу зауытында каталитикалық крекингтің түтін газын тазалау және отын газын амин қышқылымен тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ластаушы заттардың шығарындыларын 3,6%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Жалпы, 2030 жылға дейін 9,1%-ға төмендету жоспарланып отыр.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі өңірлерде қалдықтарды сатысына қарай басқаруды жүйелі жоспарлау бойынша кешенді жұмыс атқарылмай жатқанына назар аударды. Осыған байланысты, ведомствоның ұсынысы бойынша әкімдіктер коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеуі, өңірде қалдықтарды басқарудың барлық жүйесін ескеруге тиіс.
Аралды сақтау үшін қазіргі уақытта «Арал теңізінің солтүстік бөлігін дамыту және қалпына келтіру» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Сонымен қатар Ақтөбе облысындағы Шалқар көлін тазарту жұмысы жалғасып жатыр.
Биоалуантүрлілікті сақтау мақсатында ұлттық жобаға 3 міндет енгізіліп, оның ішінде 3 көрсеткіш және 8 іс-шара қабылданды. Ұлытау тау-дала массивінің экожүйесін қалпына келтіру және сақтау үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауданы 58,9 мың гектарды құрайтын «Ұлытау» ұлттық паркі құрылды.
Мемлекет басшысының 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы аясында облыс әкімдіктері орманды қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарларды бекітті, интерактивті карта дайындалып, керекті техника мен жабдық құралдары сатып алынды. 2021 жылы жоспарланған 44,3 мың гектардың орнына 66 мың гектар алқапта 138 млн-ға жуық ағаш отырғызылды. Биыл көктемге жоспарланған 66,9 мың гектардың 39 мың гектарына 106,4 млн ағаш отырғызылды. Орман дақылдарының негізгі жұмыс көлемін аяқтау күз мезгіліне белгіленген. «Сонымен бірге Арал өңірінің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында былтыр 100 мың гектарға сексеуіл отырғыздық. Биыл 250 мың гектар отырғызу жоспарланған. Осы жылдың көктемінде 12 мың гектар сексеуіл отырғызылды, қалған 238 мың гектарға күзде отырғызылады. Көрсеткіштер толығымен орындалатын болады», деді С.Брекешев.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі биыл Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында бекітілген жоспарлы жұмыстарды жүргізуге қаржы бөлінбегенін атап өтті. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға кедергі келтіруі мүмкін.
«Экология болашағы» бағыты бойынша 2021 жылы жалпы орта мектептің 6-сынып бағдарламасына «Экология» курсы енгізілді. Ең үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, экологиялық-биологиялық факультативтік әдістеме әзірленді. Биыл «Эко-білім берудің үздік ұйымы» жыл сайынғы ұлттық конкурсын өткізу жоспарлануда.
Біріккен Ұлттар Ұйымының PAGE бағдарламасының қолдауымен экологиялық ақпарат көзімен қамтылғандар санын арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөнінде ұлттық медиа-жоспарының тұжырымдамасы дайындалды. Тұжырымдама қоғамдық эко-пікірді қалыптастыру үшін ақпараттық түсіндіру кампаниясын ұйымдастыру әдісін ұсынады.
Әр өңірде экологиялық жағдайды жақсарту жоспары әзірленбек
Жалпы, жүргізіліп жатқан жұмыста нәтиже жоқ емес. 2021 жылы 16 кәсіпорын атмосфералық ауаға шығарған ластаушы заттар мөлшері 3%-ға азайған, ал 2022 жылдың 6 айында былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,7%-ға төмендеді. Бұл көрсеткішке табиғатты қорғау іс-шараларымен қатар, өнеркәсіпті модернизациялау есебінен қол жеткізілді. Сонымен қатар 3 005 полигонның 639-ы экологиялық нормаларға сәйкес келтірілді. Бөлек жинау үшін 3 876 контейнер орнатылды. Нұр-Сұлтан қаласында құрылыс қалдықтарын жинауға және өңдеуге арналған алаң салынды. Павлодар облысында «Былқылдақ» көлі аумағының ластануын оқшаулауға бағытталған іс-шаралар өткізіліп жатыр.
Сондай-ақ каналдарды, соның ішінде Балқаш көлінің бассейнінде жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Сырдария өзенінің 50 шақырымы тазартылды. 22 арнаның су есебі цифрланды. Осы шаралар Балқаш көліне шамамен 12 текше километр су ағымын қамтамасыз етті, Солтүстік Арал теңізінің көлемі 20,6 текше километр деңгейінде сақталып, суару кезінде су шығыны 200 млн текше метрге қысқартылды, көлемі 230 млн текше метрге су қосымша жинақталды.
Осы жайттарға тоқталып өтіп, мәселені қорытындылаған Премьер-Министр қоршаған ортаны жақсарту үшін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ірі кәсіпорындарда эмиссиялар мониторингінің автоматты жүйесін енгізу қажеттілігі туралы норма күшіне енетінін еске салып өтті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 5 жыл ішінде 2 млрд түп ағаш отырғызу туралы ауқымды жоба іске асырылып жатыр. 2021 жылы 66 мың гектар алаңға шамамен 138 млн ағаш отырғызылды. Алайда биыл Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында қаржыландыру аз болғандықтан, жоспарлы көрсеткіш орындалмай қалуы мүмкін.
Үкімет басшысы өткен жылдан бері экологиялық төлемдер экологиялық ахуалды жақсарту шараларына бағытталуы тиіс деген норма қолданылып жатқанын атап өтті.
Премьер-Министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Қаржы, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктеріне ірі елді мекендерде тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарын салу үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қаражат бөлу мәселесін пысықтауды тапсырды.
Егін есебінен астықпен толық қамтамасыз етіледі
Үкімет отырысында қаралған екінші мәселе – жем-шөппен қамтамасыз ету және егін орағы науқанына дайындық туралы тапсырмалар болды.
Баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы жануарларын азықпен қамтамасыз ету жұмыстары аясында жем-шөп дақылдарының егіс алаңдары 448,1 мың гектарға ұлғайтылғанын хабарлады. Оның айтуынша, жемшөп сатып алуды субсидиялауға қаражат бөлінді, жем-шөп астығын сатып алу үшін Азық-түлік корпорациясының жарғылық капиталы ұлғайтылды, 1 қазанға дейін ел аумағынан бидай шығаруға квоталардың қолданысы ұзартылды.
Бұдан басқа, әрбір өңір бойынша жүйелі шараларды қамтитын Азық өндірісі саласын дамыту жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы әзірленіп, бекітілді.
Министр республиканың барлық өңірінде жаппай егін жинау басталғанын айтты. Бүгінде барлығы 2,2 млн гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар (13,9%) жиналды, орташа өнімділік әр гектарға 14,6 центнерден айналып, 3,3 млн тонна астық бастырылды. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары егілген алаң 23,4 млн гектарды құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 387,1 мың гектарға артық.
Ауыспалы қалдықтарды ескере отырып, жалпы астық жинаудан күтілетін көлем республиканың ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз ету, сондай-ақ астықтың белгілі бір көлемін экспортқа өткізу және дәстүрлі нарықтардағы сауда позицияларын сақтау үшін жеткілікті.
Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың мәліметінше, биыл күзгі дала жұмыстарына 423,5 мың тонна дизель отыны бөлінді. Шілдеде 106,6 мың тонна тиелді, тамызда 148,2 мың тоннаға төленіп, 87,4 мың тонна тиелді.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мұнай өңдеу зауыттарынан дизель отынын жеткізу басым негізде жүзеге асырылады. Олардың бағалары өңірге байланысты бөлшек сауда бағасынан 15-25% төмен.
Премьер-Министр жалпы биыл мал азығын дайындау жұмыстары үшін ауа райының қолайлы болып тұрғанын айтты. Дегенмен Маңғыстау және Атырау облыстары графиктен кешігіп келеді.
Премьер-Министр Үкіметтің егін орағын қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараны қабылдағанын айтып өтті.
Үкімет басшысы элеваторлардың астықты қабылдауға және сақтауға дайын болуын қамтамасыз ету керегін айтты. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына өңір әкімдіктерімен бірлесіп, вагондармен қамтамасыз ету және логистика мәселесін шешу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне Азық-түлік келісімшарт корпорациясымен бірлесіп, қыс мезгіліне жемшөп қорын уақтылы жасақтау шараларын қабылдауды әрі оның бағасының тұрақты болуын қамтамасыз етуді міндеттеді.
Ә.Смайылов дизель отынымен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды. Осы жұмыс аясында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жанар-жағармайдың бағаларын бақылау және тапшылығына жол бермеу жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін комиссия құру тапсырылды.
Сонымен қатар Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі және Энергетика министрліктеріне дизель отынын сатудың тәуліктік лимиттерін бақылау жөніндегі ақпараттық жүйені енгізуді жеделдетуді, Энергетика министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, егін орағы кезінде шаруаларды жанар-жағармаймен уақтылы қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.