Қызылордалық кәсіпкер екі айда 6 тонна сапалы өнім жинайды

109

Қызылордалық кәсіпкер екі айда 6 тонна сапалы өнім жинайды,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі. 

 

33 жастағы Мақпал Төлепбергенова биыл көктемде бір ерекше бизнес ашты. Бұл идея оның басына өткен жылы келген. Ағасымен бірге жоспар құрып, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясындағы байқауға қатысып, жобасын қорғап қол жеткізген грантқа саңырауқұлақ өсіретін ферма ашты.

 

 

Бүгінде фермада төрт адам жұмыс істейді. Саңырауқұлақ фермасының ауданы – 250 шаршы метр. Ол субстратталған екі камерадан тұрады. Кәсіпкер шампиньон өсіру көп уақытты қажет ететін процесс дейді. Саңырауқұлақтардың пісуінің әр кезеңіне қажетті ылғал деңгейін сақтай отырып, бөлме температурасынан ауытқымау өте маңызды.

Қазір Мақпал екі айда 6 тоннаға дейін сапалы өнім жинайды. Өнімді сақтау үшін арнайы тоңазытқыш камералар сатып алды. Алдымен жергілікті мейрамханалар клиентке айналды, содан кейін шампиньонның пайдалы қасиеті жайлы білетін тұрақты клиенттер де пайда болды.

Саңырауқұлақ бизнесімен айналыспас бұрын біздің кейіпкеріміз олардың барлық пайдалы қасиеттерін зерттеді. 


«Шампиньон – өте құнды, төмен калориялы өнім, оның құрамында ақуыз мен темір көп. Сондықтан олар вегетариандар үшін өте қажет және диета ұстайтын, анемия, қант диабетімен ауыратын адамдар үшін пайдалы»,- дейді Мақпал Төлепбергенова.


Саңырауқұлақтарды тоңазытқышта ұзақ уақыт сақтау мүмкін емес, өйткені ол тез бұзылатын өнім. Сондықтан қауіпсіздік үшін фермаларда өсірілген шампиньондарды сатып алған дұрыс. Жиналған өнімді ұзақ сақтау үшін Мақпал саңырауқұлақ кептіретін арнайы жабдық сатып алды. Қиындықтар аз емес. Соған қарамастан кәсіпкер болашаққа жоспар құруда. Еңсе тіктеп алған соң ол «Даму» Қорының қолдауымен саңырауқұлақ өсіруге арналған топырақ шығаратын цех ашуды жоспарлап отыр.

 

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.