ОБЛЫСТА ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ ТІЛДЕРІ КҮНІНЕ ОРАЙ АУҚЫМДЫ ІС-ШАРАЛАР ӨТКІЗІЛЕДІ
5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдерінің мерекесі күні. Бұл мереке елімізде 2018 жылдан бастап қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай мерекеленіп келеді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Елімізде Қазақстан халқы тілдері күні 1998 жылғы 20 қаңтарда республика президентінің жарлығымен қыркүйектің үшінші жексенбісі етіп бекітілген болатын. Мақсаты - сан ғасырлық құндылықтарды сақтау.
Ал 1989 жылы 22 қыркүйек күні "Тіл туралы" заң қабылданды. Заң бойынша мемлекеттік тіл — қазақ тілі, ал орыс тілі — ұлтаралық тіл деп бекітілді.
Осы уақытқа дейін 22 қыркүйек күні тойланатын мейрамның 2017 жылы датасы өзгерді. Бұдан былай мейрам 5 қыркүйек күні аталып өтіледі.
Мейрамның жаңа датасы Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келген күніне сәйкестендіріп таңдалып алынған. 1873 жылдың 5 қыркүйегінде қазақ тіл білімімен және әдебиеттануымен айналысқан ағартушы және ғалым Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келді. Ол қазақ тіл білімінің негіздерін, грамматиканың ғылыми терминологиясын жасаған.
Тіл қандай ұлтта болмасын әрқашанда қасиетті де құдіретті. Ол әрбір адамға ананың ақ сүтімен дарып, мәңгілік қалыптасады. Қандай мәдениет болмасын қатынас құралы ретінде де, ұлттың барша болмасы көрінген келбеті ретінде де тіл арқылы жасалған. Тіл арқылы өмір сүреді, ұрпақтан ұрпаққа, заманнан заманға жетіп, ұлттық тұтастықты сақтайды. Сондықтан да тіл адастырмас темірқазық іспеттес.
Қазақстан әр тілде сөйлейтін халықтардың басын біріктіріп отырған мемлекет. Сондықтан да ұлттық болмысымызды, мемлекеттік келбетімізді сақтап қалу үшін қазақ та, басқа этностар да қазақ тілі мен мәдениетінің маңайына шоғырлануы керек. Еңбектеген баласынан, еңкейген қариясына дейін қазақ тіліне құрметі шексіз болып, қазақ тілін меңгеруде ықыласы бөлек болуы тиіс.
Дүниенің бәйгесінен қалмау үшін, біз ең алдымен өзіміздің мәдениетімізді, сол мәдениеттің негізі тілімізді бәсекеге қабілетті етуіміз керек. Елімізді мекен еткен өзге ұлт өкілдері қазақ халқының салт-дәстүрін қастерлеуде, ұлттық тілін ұлықтауда, Қазақстанды бір ғана Отаным деп білетін олар ұлы халықтың ұлы құндылықтарын өз ұрпақтарының бойына сіңіріп өсіруі тиіс. Қазақ тілінің ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналатын кезеңін реформалар негізінде жақындатуымыз керек.
Тілді қасиет деп түсінбейінше, оның алдындағы қызметте айтарлықтай салмақ та болмайды.