Шиеліде сіла дақылын егуді жаңғыртқан жан
Арда туған азаматын ел ардақтап, асылына балап жатады. Ал сол елдің, халықтың ықыласына бөленіп, алыбы атанып, батагөй данасы, дарасы болып, жұлдызы жанып, бағы асып тұрған ерінің екінші бір інісіндей болған азаматты, ізбасарына санап, құрмет тұтып, асылдың сынығына балап жатса, сол сыныққа баланған азаматтың шындығында атпалдығына, атан түйе тарта алмас абырой салмағына, даралығына күмән болмаса керек, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Шиелі халқы өзінің 41 Еңбек Ерімен мақтанады. Сол ерлердің ішінде қарапайым халықтан шығып, қасиет тұтқан қара шал Ыбырай Жақаевтың орны бөлек. Оның қолының іске икемділігі мен аузының батаға дуалығы ешкімді шүбәландырмаса керек. Заманында талай-талай заңғар жазушы, академик, зиялы қауым өкілдері мен басшылар, олардың ұлдары атадан бата алуға келіп, сол қабыл болған батаның, ниеттің, көңілдің, пейілдің негізінде биік-биік белестерге шығып, елдің азаматы атанғандары бар. Бұл туралы осы күнге дейін аудандық газет бетінде түрлі тақырыптар мен мақалалар, очерктер, эсселер, әңгімелер жарияланып келді. Әлқисса, осынау Шиелінің біртуар азаматы, дала академигінің өзі асылдың сынығына балап, басын иген азамат туралы біз бүгін қалам тербеуді жөн санадық. Себебі, Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген болатын. Өзінің елге сіңірген өлшеусіз еңбегінің арқасында ел ағасы атанған, айналасындағы достарына, замандастары мен кейінгі ұрпаққа өнеге бола білген, есімі ел есінде сақталған жан туралы қалам тербеуді азаматтық борышымызға баладық.
Ыбырай атамыз алғаш қара танып, ұстаз тұтқан арда жанның бірі Бәкір Палымбетовке деген ықыласын өмірінің соңына дейін өшірмей, өршіте түсіп, өзі жайлы жарыққа шыққан кітаптарға ұстазы туралы жылы пікірлерін білдіріп отырған. Сондай бір кезеңде дала диқаны өзіне келген жазушыға Әзімхан Исмаиловты «Асылдың сынығы» деп таныстырған екен. Бұл көп сөйлегенді жаны қаламайтын, сөзден гөрі істің адамына баланған батагөй қарттың Әзімхан Бәкірұлына берген шынайы бағасы еді.
Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі
Тамырында қазақ деген қасиетті қаны ағып, жүрегі елім, жерім деп соққан азамат үшін біз тақырыпшаға арқау еткен осынау тәмсілдің маңызы зор. Әрбір саналы, елжанды, ұлтжанды азамат үшін ұрпағының елдің алдында өз борышын атқарып, халықтың алғаусыз алғысын алып, жүзі жарқын болып, әулетінің есімін жалпақ жұртқа жақсы қырынан танытқандығын қалайды. Сол үміті ақталып, ата жолын қуған ұл жарқырай шығып, шаршы топта қара үзіп, тонға жаға болғандай елге аға бола білсе, бұл ата арманының, асыл әке үшін ата-баба аманатының орындалғандығын білдірсе керек. Палымбеттегі Бәкірдің отбасында дүние есігін ашып, айтулы ұстаздан тәлім мен тәрбие алған Әзімхан ағаның бәйтеректей болып жайқалған ағашынан алмадай ұзап түспесі белгілі еді. Ата-бабасы бір кездері Шахмардан Есеновтей қайраткерге қара танытып, бағыт-бағдар, жөн-жол сілтеп, азаматтық болмысын қалыптастырып оқытқан текті әулеттен тамыр тартып тұрған Әзекеңнің қатардағы қарапайым қараның бірі болуға хақысы да жоқ еді.
Олай болса, әңгіме ауанын арыға ұзатпай, кейінгі ұрпақтың жадында есімі қайта жаңғырсын деген ниетпен ел ағасы, мұқым Шиелі жұртшылығына ақыл айтып, бағдар берген, жөн мен жоралғыны танытқан ұстаз, басшы, ақылшы іспетті көргені мен түйгенін, сыпайы мінезі, салмақты сөзімен, өзіне ғана жарасатын сырбаздығы мен тектілігін қатар таныта білген. Сонысымен көпшілікті еріксіз мойындата, сыйлата, құрметтете алған Әзімхан Бәкірұлы жайлы негізгі сөзге тоқталғанды жөн көрдік.
Әзімхан ердің сойы еді
Қай заманда болмасын өзінің бітім-болмысы, тұла бойымен, қоғамдағы белсенді еңбегімен, ұрпақ тәрбиесіндегі өнегелі өмірімен үлгі боларлық, әркез парасат биігінен көрінетін біртуар азаматтар ел есінде мәңгі сақталады. Бұл туралы дана халқымыз бірақ ауыз сөзбен түйіндей отырып «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген. Иә, мұқым адамзат баласына өзінің ашқан жаңалығымен орасан зор пайдасын әкелетін, тіптен дін исламда өзіндік орыны бар, Алла тарапынан құрметке бөленген ғалымдармен қатар жақсы адамдардың да аты ешқашан өлмейтіндігін қазақ атам, қала берді мұқым мұсылман үмбеті мойындап өткен екен. Ендеше тек өзі туралы жақсы естеліктерге ие Әзімхан Бәкірұлын да біз жақсы адамдар қатарына қосамыз. Және бұл пікірімізге ешкімнің алып қосар артық-ауыс уәжі болмаса керек. Себебі, осы күнге дейін талай-талай ел ағаларымен ауыл-аймақты аралап жүріп Әзекең жайлы тек жақсы, жағымды, жанға жайлы ыстық ықыласты пікірлер легін ғана естіп келе жатқандығымыз біздің осынау тұжырымдамамызға негіз болса керек. Иә, Әзімхан аға ердің нағыз сойы еді. Ол ұстаз болды. Мыңдаған балаға қара танытты, әліпті таяқ деп үйретті, соңынан шәкірт ертті. Ел басына күн туған шақта бұғып қалмай, Отанын қорғап, қолына қару алып, жан алып жан беріскен қан майданда от пен оқтың арасында жүрді. Соғыстан кейін елге келіп, сансыраған экономиканы қалпына келтіру үшін еңбекке жең түріп, бел шеше кірісті. Ауданның өсіп-өнуіне біркісідей еңбек еткен, сан қырлы жанның бірі, соғыс және еңбек ардагері – Әзімхан Исмаилов. Оның ауданның білім және ауыл шаруашылығы салаларына қосқан үлесі, тың серпілісі мен жаңашылдығы тарих қатпарында мәңгі қала бермек.
Би бол, Би болмасаң – би түсетін үй бол
Сіз білесіз бе? Қазақта осындай да тәмсіл бар. Мағанасы тіптен терең. Бір сәт сөздің төркініне үңіліп көрдік пе? Ендеше сөздің түпкі тұқияны туралы қысқаша ой қозғасақ деймін. Алты алаштың ұрпағы заманында үш жүздік саяси-экономикалық-әскери-стратегиялық-географиялық аймақтар бойынша басқарылып келген. Бұл біздің мыңдаған жылдық тарихымызда үзілмеген дәстүр еді. Осынау үш жүздің әрбірінің өзіндік биі болған. Билер басқарушы ханды да орнынан алып тастай алатын құдіретке ие еді. Қазақ қоғамында үкімді хан емес би кесетінін, дауды шешетінін тарихтан білеміз. Хандарды да ақ киізге көтеріп сайлау үшін билер кеңесінің келісімін алу шарт болатын. Сондықтан да болса керек қарапайым қара қазақ баласы бір-біріне тілек айтып, ықылас-ниетін танытқанда осылайша би болуын, болмаса би түсетін үй болуын тілеген екен. Би түскен үй хан түскен үйден артық болса керек заманында. Ал біздің мақала кейіпкері осындай батаның бірегейін алып, би де би түсетін үйде болған еді кезінде.
Тіпті Шиелі ауданына сапарлап келген зиялы қауым бірінші Әзімхан Бәкірұлын іздеп, соның үйіне түсуді құп көрген. Себебі, ол адамгершіліктің шыңына шыққан, биік парасат иесі, тек қызметте ғана емес, өз ортасында, отбасында абыройлы, құрметті жан болатын.
Әзімхан Бәкірұлы 1923 жылы 5 желтоқсанда Бала би ауылындағы «Қаракемер» мекенінде шаруа отбасында дүниеге келген. Тоғыз жасынан бастап Павлодар, Ақтөбе, Қарағанды, Алматы қалаларында орта және жоғары білім алады. Қолына дипломын алған жас жігіт 1941 жылы ауылға оралып, Ащықұдық колхозында хатшы, кейіннен мектеп мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Бірақ көп ұзамай Ә.Бәкірұлына майдан даласына аттануға тура келеді. Осылайша, 5 жыл бойы Армениядағы шекарашылар отрядында, Солтүстік Кавказ майданындағы атқыштар дивизиясында радиотелеграфист, радиостанция басшысы болып жұмыс істейді. 1947 жылы аман-есен елге оралған ол, ұстаздық ұлы жолын жалғастырды.
Кейіннен әкеден дарыған ұлы қасиеттің, өз қызметіне деген адалдығы мен сүйіспеншілігінің арқасында №50 Абай атындағы мектептің директоры болып тағайындалды. Ол осы қызметте жүріп аудандағы білім саласына қатысты көптеген түйіткілдерді тарқатуға атсалысты. 1953 жылы оқытушылардың республикалық съезіне қатысып, сол кездегі білім министрі Сембиннің қабылдауына кіріп, ауылындағы 7 жылдық мектепті орта мектепке айналдыру мәселесін шешіп келеді.
1954-1957 жылдары аудандық партия комитетінде ұйымдастыру және үгіт-насихат бөлімдерінің меңгерушісі, Бәйгеқұм аймағындағы хатшы қызметтерін абыроймен атқарған Ә.Бәкірұлы 1958 жылы Ленин атындағы колхоз (қазіргі Алғабас ауылы) басқармасының төрағалығына жіберіледі. Оның еңбек жолындағы ең табысты тұсы да осы кез болатын. Себебі, бұл ауылдың қай салада болмасын ең артта қалған шаруашылық атанған шағы еді. Мал басының өсуі, одан алынатын өнім жыл сайын белгіленген мөлшерде орындалмады, егін де біраздан бері бітік болмайтын. Әзімхан Исмаилов өзі басқарған 17 жыл уақыттың ішінде «Отызмыңдықтар» қатарында артта қалған, шаруашылығы күйзеліп, тұралаған елді мекенді көркейтті, ауылдың мәдениетін арттырып, оңтайландырды. Шаруалардың денсаулығына, олардың тұрмыстық жағдайларын жақсартуға үлкен мән берді. Ауылда алғаш рет клуб үйі мен медициналық пунктің ашылуына мұрындық болған да осы кісі еді. Сонымен қатар ол мектептегі сыныптарды арттырып, шопандардың балаларына интернат ашуды да қолға алды.
Әзімхан Бәкірұлы 1963 жылы ЦК КПСС жанындағы Жоғары партия мектебін Москва қаласында бітіреді. Ал 1968 жылы ССР денсаулық министрлігінің «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталады. Бір жылдан соң даңқты күрішші, екі мәрте Соцалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевпен бірге Москвада өткен ІІІ бүкілодақтың колхозшылардың съезіне делегат болып қатысады. Араға бір жылдан салып республикалық колхоздар кеңесінің мүшесі, VІІІ қазақ ССР жоғары кеңесінің депутаты, одан кейін халық депутаттары аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып он жылға жуық еңбек етеді.
Ел ағасына 1985 жылы Қазақстанға ерекше сіңірген еңбегі үшін зейнетақы тағайындалып, құрметті еңбек демалысына шығады. Бірақ зейнетке шықса да қоғамнан қол үзген жоқ. Осы уақыттан бастап алты жыл бойы аудандық газ шаруашылығы мекемесін басқарды. 1986-1998 жылдары аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін қоса атқарды. Әзімхан Бәкірұлы соғыс және бейбіт өмірдегі еңбектері үшін «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, екі мәрте «Құрмет» орденімен, Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің «Құрмет грамотасымен», бірнеше медальдармен марапатталды.
Жақсының жақсылығынайт нұры тасысын дейді....
Иә, ақ күріштің атасы Ы.Жақаев Әзімхан Исмаилов пен оның әкесі Бәкір Палымбетов жайлы біраз естеліктер, жағымды пікірлер айтқан. Мәселен, Ыбырай Жақаев жайлы естеліктер жазылған жазушы Оразбек Бодықовтың «Өмір жолдары» атты кітабында «...Біз сабаққа жиналған кезде бәріміздің де асыға күтетін әрі қадірлі, әрі ардақты адамымыз болатын. Ол – сол тұстағы Ащықұдық аталатын колхоздың председателі Бәкір Палымбетов еді. Колхозды 1933 жылдан бастап тұп-тура 17 жыл басқарған Бәкір Палымбетов бір мінген атынан түспеген қалпы 1950 жылы дүние салды. Ол өмірден арындап өткен жоқ. Өз ауылының шын жанашыры болып, туған колхозын біраз өрге шығарды, бүкіл Шиелі ауданына шаруашылықты есті басқарудың үлгісін көрсетті. Артына көп із қалдырды.
«Асылдың сынығы» демекші, Бәкірден қалған бір тұяқ – Әзімхан Исмаилов та Шиелідегі Ленин атындағы колхозда председатель болып сайланып, әкесі секілді ол да колхозды тұп-тура 17 жыл басқарды. Әкесі сияқты іскер, ұйымшыл Әзімхан 1975 жылы халық депутаттары Шиелі аудандық атқару комитетіне председательдікке жоғарылатылды.
...Асықпай-саспай, сабырлы сөйлейтін Бәкір өз әңгімесін:
– Жақсыны күшінен таныма, ісінен таны. Күш ақымақта да бар. Ұрыны көзінен таны, кісіні сөзінен таны. Сөзі түзудің өзі түзу. Жә, бүгінгі сабақ осымен бітсін деген кезде бір-екі сағат уақыттың қалай зулап өткенін байқамай да қалушы едік» деген даңқты күрішшінің әке мен бала жайлы естелігі айтылған.
Иә, Шиелі ауданында алғаш болып сұлы дақылын егуді жаңғыртқан, бидай егуді қолға алған әйгілі Бәкір Палымбетовтей азаматтан туған ұлдың жаман болуға қақысы да жоқ еді. Осылайша әкенің ізгі қасиеттерін, өнегесі мен тәрбиесін көріп, сезініп өскен Әзімхан Исмаил да ел басқару ісін абыроймен атқарды.
Өнегелі отбасының басшысы жары Күлайша Құлтайқызымен 12 ұл-қыз тәрбиелеп, 31 немере, 28 шөбере сүйді. Бүгінде оның ұрпақтары өзі салған сара жолды жалғап, ауданның, облыстың, елдің дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Соның бір дәлеліндей, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері, қай салада болмасын белсенділік танытып, ардагер ретінде өз ой-пікірін білдіріп, аудан абыройы үшін біркісідей еңбек етіп келе жатқан әке жолын жалғастырған ұлы – Өркен Исмаилды айтуға болады.
Иә, ел аузындағы «ұрпақтар сабақтастығы» деген ұғымның мәні осыда болса керек.