Үндістаннан елге оралғандарды 14 күндік карантин күтіп тұр
Үндістанға барып, Қазақстанға келген азаматтар коронавирусқа қарсы ПТР-тесттің теріс нәтижесіне қарамастан, міндетті түрде 14 күндік карантинде болады. Бұл туралы үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты.
Алексей Цойдың сөзінше, Үндістанда эпидемиологиялық жағдай ушығып, күніне коронавирус жұқтырған 400 мыңға дейін адам тіркелуде.
Осыған байланысты ол Қазақстан билігі Үндістанда кең таралған штамның ел аумағында таралуына жол бермейтін шаралар қабылдағанын хабарлады.
"Сонымен, Қазақстанға келетін, соның ішінде үшінші елдер арқылы келетін және соңғы 14 күнде Үндістанға барған адамдар ПТР-тесттің теріс нәтижесі және коронавирусқа қарсы вакцина салдырғаны туралы анықтамаға қарамастан үйде 14 күн оқшауланады", - дейді денсаулық сақтау министрі.
Айта кетейік, Үндістан коронавирус жұқтырғандар саны бойынша әлемдік рекорд орнатып, елдегі жағдай қиындай түсті. Бірқатар ел Үндістанмен әуе қатынасын тоқтатты.
Сондай-ақ, Австралия азаматтарына Үндістанға баруға тыйым салып, егер барса 5 жылға дейін сотталуы мүмкін екендігін ескерткен болатын.
Елде коронавирусқа қарсы вакцина тапшылығы болып жатқанын да жазған едік.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 1 мамырда бұл елде індет жұқтырған 401 993 адам тіркелген.
Ал елімізде коронавирус жұқтырғандар саны азайып келеді. Мәселен, өткен тәулікте 2076 адамнан COVID-19 инфекциясы анықалған.