Шымкентте мектеп қызметкері 200 ноутбукті құмар ойынға тігіп жіберген
Шымкентте мектептің IT маманы құмар ойында ұтылып қалған қарызын өтеу үшін 200 ноутбукті ұрлап кеткен, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап.
№77 орта мектепте жұмыс істейтін ер адам өз әрекетін індет кезінде жүзеге асырған. Білім мекемесінің директоры 28 жастағы қызметкердің бір жыл бұрын жұмысқа орналасқанын айтады. Ал өткен жылдың қаңтар айынан бері ол 35 миллион теңгеден астам ақшаның мүлкін тонап үлгерген.
Белгілі болғандай, ІТ-маман мемлекет мүлкін алыпсатарларға берген. Ал ақшаны букмекерлік кеңсеге жұмсаған. Мектеп қызметкері мемлекет мүлкін талан-таражға салғаны үшін 7,5 жылға сотталды. Сонымен қатар ол талап арыз бойынша көрсетілген 35 миллион теңгеден астам соманы мектепке төлеуге келіскен.