Ақтөбеде арнайы интернаттағы балаларды ұрып-соққан санитар қызметкерлер түрмеден сытылып кетті

270

Ақтөбеде мүгедектігі бар балаларды ұрған санитарларға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.


Фото: скриншот из видео

Арнайы интернаттағы дау көктемде басталған. Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкерлері балаларды ұрып-соғатыны жайлы "Үміт" балалар үйінің бас дәрігері айтқан.


Дәрігердің сөзінше, бастапқыда әріптестеріне қол көтеруге болмайтынын түсіндірмек болған, алайда кейін дәлелдерді прокурорға ұсынған. 


"Камера арқылы жазбаларды көргенде балаларды күнделікті ұратынын байқадым. Мұны бір ғана қызметкер жасамайды. Олар балалардың төсегіне жатады. Видеоны Бас прокуратураға жібердім. Облыс әкімінің атына, президенттің атына хат жаздым. Содан кейін менің артыма түсе бастады", – деді "Үміт" балалар үйінің бас дәрігері Айгүл Бижанова.



Дәрігер видеоларды алғаш рет көрсетіп отыр. Кадрлардан 19 жастағы санитар қызметінің жасөспірімді күшпен тыныштандырғысы келгенін көруге болады. Арнайы интернат тәрбиеленушісі қарсылық көрсеткенімен, жанында отырған санитар баланы қатты затпен ұра бастайды. 


Видеоны прокурорлар зерттеген. Іс сотқа дейін жетті. Балаларды 40 жастағы қызметкердің де ұрғаны анықталды. Дегенмен оларға қатаң жаза тағайындалған жоқ. 


"Сот Сағитжанов пен Жұмабаеваның өз кінәларын толық мойындағанын, қылмыстың алғаш рет жасалғанын және ауырлататын жайттардың анықталмағанын ескеріп, Сағитжановқа 4,5 жыл, Жұмабаеваға 4 жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады", – деді Ақтөбе облыстың сотының баспасөз хатшысы Гүлжанар Отарбаева.