Жаңаөзендік жұмысшылар ереуілге шықты
Жаңаөзенде "ӨзенМұнайГаз" компаниясына қызмет көрсететін "КазПромТех" серіктестігінің қызметкерлері "жұмыссыз қалуымыз мүмкін" деп дабыл қақты. Өйткені компанияда көліктер есептен шығарылып, жүргізушілердің жұмыс уақыты қысқарған. Ал жаңа техника әлі күнге дейін сатып алынбаған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Жұмысшылар үш тәуліктен бері басшылыққа талап қойып, жұмысты тоқтатқан. Жиналғандар биыл компаниядағы 26 көлік есептен шығарылғанымен, орнына жаңасы сатып алынбағанын айтады. Соның кесірінен ереуілде тұрған 80-ге жуық адам жұмыс уақыттарының қысқарып, жалақыларының едәуір азайғанын айтады. Енді олар басшыларынан автопаркті жаңартып, бұрынғы жұмыс көлемін қайтаруды талап етті. Ал серіктестік басшыларының біздің сөзімізге мүлде құлақ асқысы жоқ, дейді азаматтар.
Бұдан бөлек жиналған қызметкерлер келесі жылы мүлде жұмыссыз қалуы мүмкін дейді. Себебі басшылық бірнеше техника есептен шығарылса, серіктестіктегі қызметкерлердің штаты жабылатынын айтқан. Компания басшысымен тілдесу мүмкін болмағанымен, бас инженер техникалардың ескіріп, жұмыс көлемінің тұрақты болмай тұрғанын, сәйкесінше бұрынғыдай табыстың да жоқ екенін жеткізді. Өңірдің еңбек инспекторы бұл серіктестік мәселесі бойынша татуластыру комиссиясында екі тарап келісімге келе алмай, еңбек төрелігіне нұсқама берілгенін айтады.
Еңбек инспокторының айтуынша, компания басшысы үстеме жұмысқа ақы төлеу тиімсіз екенін айтқан. Ал тапсырыс беруші "Өзенмұнайгаз" компаниясы да өзара келісімдеріне байланысты автопаркті жаңарту жөнінде хат жолдайды, дейді инспектор. Бірақ ереуілдегі жұмысшылар компания директоры техникаларды жеке кәсіпкерге сатып, бұдан әрі соның қызметін пайдаланатын схема құрған болуы мүмкін деп топшылайды.