ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚЫЗМЕТКЕРІНІҢ «ЖЕМҚОРЛЫҒЫ» ҮШІН, ЕШБІР БАСШЫ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛМАҒАН

5 604

фото: NUR.KZ/Петр КарандашовҚазақстанда қоластындағы қызметкер сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін саяси лауазымдағылардың отставкаға кетуін көздейтін норма 2019 жылы 10 желтоқсанда енгізілді.  Алайда, жемқорлықпен ұсталған қызметкері үшін Қызылордада  бірде-бір басшы отставкаға кеткен жоқ,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің айтуы бойынша облысымызда жемқорлық пен парақорлық көрсеткіші едәуір өскен.
Сыбайлас жемқорлық қылмысы кезінде саяси қызметкерді отставкаға кетуге міндеттейтін нақты тәртіп бекітілген. Мәселен, облыс, республикалық маңызы бар қала немесе астана әкімдері өзінің орынбасары өзіне тікелей бағынысты мемлекеттік саяси қызметші, аппарат басшысы не аудан, қаладағы аудан әкімі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде отставкаға беруге негіз болып саналады. Десе де қызметкері үшін отставкаға кеткен басшыны байқамадық.
Олай деуге басты себеп, Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің бір емес бірнеше қызметкері істі болса да, басшылық тарапынан отставкаға кетпеуіне не себеп?
      

  «2021 жылы - 2022 жылдың өткен мерзімі аралығында Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің 2 лауазымды тұлғаның сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттері әшкереленіп, сотқа берілген»,- дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Ұзынжас.      


Сыбайлас жемқорлық қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтаса да, Қызылорда облысының Экология департаментінің орынбасарлары мен екі қызметкерлерінің пара алып құрықталса да басшылық өз орнында отыр.

«Біздің басшылықтың ауысуы мен өз орнында қалауы тікелей ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің құзырына жатады», -  деген сырғытпа жауаппен жылы жауап берген болатын.


Әйтсе де, жемқорлық қылмысы кезінде қоластындағы қызметкердің әрекеті үшін жоғары лауазымды басшы отставкаға кетеді деген заң қолданысқа енгенімен тиісті деңгейде орындалмай отырғанын көруге болады. Демек, ҚР Президентінің қарамағындағы адам сыбайлас жемқорлық қылмыс жасап ұсталып, сотталса, бірінші басшы кету керек деген тапсырмасын орындамауы тиіс пе?
 

«Бірінші басшы соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен кейін немесе оның тікелей қарамағындағыларға қатысты ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін 10 күнтізбелік күн ішінде отставкаға шығуға міндетті», — деп түсіндірді   Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов.


2021 жылы сыбайлас жемқорлық санатында - 31,  2022 жылдың 8 айында-38 қылмыстық іс тіркелген. Орталық мемлекеттік органдардың басшылары немесе министрлер өздерінің орынбасарларының, министрліктің жауапты хатшыларының немесе аппарат басшыларының, сондай-ақ, министрліктің аймақтық департаменттерінің басшыларының сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін тікелей жауапты екенін ескерген жөн.