«А1» компаниясы Яссауи мұражайының дизайнын жасауға 1,1 млрд теңге алды

380
Түркістан қаласының әкімдігі Қожа Ахмет Яссауи мұражайының дизайны үшін миллиард теңгеден астам қаражат төледі,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі  ulysmedia.kz  сайтына сілтеме жасап.

«Мемлекеттік сатыпалуға саяхат» арнасының жазуынша, 2021 жылдың басынан бері туристерге қызмет көрсету орталығы «А1» ЖШС компаниясымен тікелей бір көзден үш шарт жасасты.

1,1 МЛРД ТЕҢГЕ ҚАЛАЙ БЕРІЛДІ?

10.12.2020 жылы «А1» ЖШС басшысы Байқошқарова Гүлмира Бахетқызы Түркістандағы «Қожа Ахмет Яссауи музейінің» ішкі құрылыс жұмыстарын, безендірілуін, техникалық жарақтандырылуын ескере отырып, дизайн-жоба тұжырымдамасын объектілерге иелік реестрінде тіркеп, «Автор» атанды.

Бірнеше айдан кейін Орталық «А1»-мен мұражайдың дизайн-жобасының тұжырымдамасын жасауға шарт жасасты, оған 389 млн теңге жұмсалды. Неліктен дәл осы компания таңдалғаны белгісіз.

Дизайнды жүзеге асыру туралы келісім 2021 жылдың қыркүйегінде жасалды. Қорытынды сомасы - 623 млн теңге. Бұл сомаға дыбыстық жүйелер мен жарықтандыру жүйелерін, атриумдағы субұрқақты және залдарда бейне жабдықтарды орнату, сәндік-әрлеу қызметтері және мультимедиялық сүйемелдеу қызметтері кірді.

Үшінші шарт, 147 млн теңге сомасымен жақында, 3 наурызда жасалды. Жеткізуші төбені, люстраны сәндік безендіруді, қосымша залды безендіруді, монтаж жұмыстарын және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуді (тақтайшалар мен бағыттар), гидтерге материал жасауды және музыкалық сүйемелдеуді жүзеге асыруы керек.

Осылайша, мұражайдың дизайнын жасауға және іске асыруға жалпы сомасы 1,159 млн теңге болатын келісім-шарт бір көзден бір компанияға «бұйырды».


«А1» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ТАБЫСЫ

statsnet.co  сайтындағы мәліметтерге сәйкес, «А1» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2011 жылы Алматы қаласында тіркелген. Заң жүзінде иесі Байкошкарова Гульмира Бахетовна. Компанияда 15 адам жұмыс істейтіні көрсетілген.

2021 жылғы табысы 2,3 млрд теңгені құрап отыр. Компания 875 мың теңгеден астам салық төлеген.

ТҮРКІСТАНДА МИЛЛИОНДАРДЫ БӨЛІСКЕ САЛҒАН «А»-лар 

Бас әрпі «А»-дан келетін компаниялардың негізін қалаған Айнұр Көпбасарова екенін көпшілік жақсы біледі. Кейін компанияның тапсырысы өсіп, кеңейтіліп бірнеше ЖШС-ға бөлініп кеткен. Бұдан бұрын Түркістан облыстық әкімдігі «Бөрте» спектакіліне бөлген 246,7 миллион теңгені «А+А» компаниясы алғанын жазған едік. Ал «A+» компаниясы Түркістанда саммит өткізу үшін әкімдіктен 346 млн теңге тендер алды. Ал бүгінгі тақырыпқа арқау болған «А1» ЖШС басшысы Гүлмира Байқошқарова Көпбасарованың жақын құрбысы.

Әу баста аталған компаниялар тобы ірі тендерлерге Әсет Исекешов министр болған тұста қол жеткізді. Индустрия министрлігі жыл сайын «Алтын сапа» шарасы, Назарбаевтың қатысуымен өтетін аймақтардағы өндіріс орындарының тұсау кесері, яғни телемосттар өткізді. Оны Көпбасарованың командасы ұйымдастыратын. Миллиардтаған қаражат бөліп, салтанатты түрде ашылған сол кәсіпорындардың көзбояушылық болғаны қазір әмбеге аян. Сол секілді Түркістанда жұмсалып жатқан қисапсыз қаржының қайыры бар ма? Заң жүзінде аталған компанияларға кінә арта алмауың мүмкін. Құжаттары сақадай сай шығар. Бір анығы сыбайластық арқылы қазынаның қыруар қаржысы жұмсалып жатқаны.