ҚЫЗЫЛОРДАДА САСЫҒАН КӨЛШІКТЕН ТҰНШЫҚҚАН ТҰРҒЫНДАР ШАҒЫМДАНУДА
Қызылордалықтар сасыған көлшіктерден шыққан иістен әбден мезі болдық дейді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Қала аумағына қарасты «Әл-Фараби», «Саяхат», «КБИ», «Арай» секілді мөлтек аудандарда пайда болған сасық көлшіктер тұрғындардың тыныстауына кедергі келтіруде. Ал, қалалық әкімдік тарапынан көлшіктерді көму жұмыстары тұрақты жүргізілмейді. Ал, «Сәулет» шағын ауданы бойындағы көлшікті көму жұмыстары жүргізілсе де, одан нәтиже болмауда.
«Сәулет» шағын ауданы тұрғындарының айтуынша, сасық көлшіктен зардап шегіп отырғанына біршама уақыт өткен. Көлшіктің бірі үш жыл бұрын жергілікті әкімдік тарапынан қолдау тауып көмілгенімен қайта жер бетіне шығып, тұрғындардың тынысына кері әсерін беріп жатқан көрінеді.
Сәулет-31 және 32-ші үйлердің аралығында бос жатқан жер бүгінде үлкен көлшікке айналған. Ал, сасыған көлдің иісі мұрын жарардай. Біле білсек, жер телімдерінің де өз иесі бар. Ол аздық еткендей тұрғындар да күл-қоқыстарын тастайтын орынға айналған.
Ең сорақысы ойын баласының сасыған көлшіктің маңында жиі ойнайтыны аналар үшін алаңдатушылық тудырып отыр.
Қыстыгүні қатпайтын көлшіктің иісі де баз баяғы қалпында сақталатын көрінеді.
Дәл осындай көлшік қаламыздың Белкөл кентіне шыға берісіндегі көпқабатты тұрғын үйдің маңайында да орналасқан. «КБИ» мөлтек ауданы Жаппасбай батыр көшесінің бойында бір емес екі бірдей көлшіктің «жұпар аңқыған» иісінен қысы-жазы құтыла алмаған тұрғындар да наразылығын білдіруде.
Расында, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы және де Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне берілген жаңа үйлердің жағдайын білуге бірде – бір құзырлы орындардың келмегеніне наразылық білдірген тұрғындар, қаланың шет аймағы болғандықтан назардан тыс қалған деп тұжырымдауда.
Қалай дегенде де сасық иіске толы сор көлден сорлап отырған жергілікті халық құзырлы орындардан көмек күтеді. Иістен бөлек, оның адам өміріне де үлкен қауіп тудыратындығы да хақ.
Осы мәселе бойынша Қызылорда қаласы әкімдігінің Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хабарластық. Бұл мәселе бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Шарасыздықтан, сасық көлдің зардабын көріп отырған тұрғындар қатары сасық судан шыққан жағымсыз иіспен демалуға мәжбүр. Десе де, атқа мінер азаматтарымыз тиісті шара көріп, тұрғындардың талабын өз дәрежесінде қарастырады деген сенім білдіреміз.