Қазақстандықтар депозиттері бойынша өтемақы алу үшін не істеу керек?
Қазақстанда 2022 жылдың 12 қыркүйегінде жеке тұлғалардың ұлттық валютада орналастырылған депозиттері бойынша 10%-дық өтемақы (сыйақы) төлеу қағидалары қолданысқа енгізілді, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Құжат Үкіметтің 2022 жылғы 27 тамыздағы қаулысымен бекітілген.
Өтемақы төлеу қағидаларын әзірлеуші Ұлттық банкпен келісім бойынша Қаржы министрлігі.
Бекітілген нормаларға сәйкес, «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ және «Қазақстанның тұрақты даму қоры» АҚ депозиттер туралы ақпарат негізінде депозиттер бойынша сыйлықақы сомасын белгіленген тәртіппен екінші деңгейдегі банктерге аударады. Өтелуге жататын депозиттер туралы ақпаратты банктер Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына бақылау жүргізу мақсатында ұсынады.
Қор депозиттер бойынша өтемақы (сыйақы) төлемейтінін ескереміз. Салымшыға төлемді салымшының қағидалар талаптарына сәйкес келетін депозиті бар банк жүргізеді.
Өтемақы «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» заңда айқындалған жинақтаушы, мерзімді, оқу, жинақ ақша салымдары және «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы» заңға сәйкес тұрғын үй құрылыс жинақтары бойынша төленеді. Көрсетілген салымдар Қағидаларда анықталған шарттарға сәйкес келуі керек, - делінген хабарламада.
Салымшы өтемақы алуға келісімін 2023 жылдың 1 қаңтарынан кешіктірмей өтініш беру арқылы растауы қажет. Салымшының келісімін алуға өтініш беру тәртібі мен тәсілін банктер дербес түрде айқындайды.