Жаңақорған тұрғындары қоқыс алаңынан зардап шегуде

421

Фото: Opennews.kzЖаңақорған ауданының тұрғындары қоқыс алаңын елсіз жерге көшіруін  талап етуде, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.


Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданының орталығындағы қоқыс алаңы тұрғындардың наразылығын тудырғалы бес жылға жуықтап қалған. Тұрғындардың айтуынша,  сасыған қоқыстан шыққан иіс айналасына кеңінен таралуда. Сонымен қатар, мүңкіген иістің зардабын шеккен тұрғындар,  денсаулығымызға кері әсерін тигізіп жатыр деп атап өтті.  

«Елімізде орын алған індеттің біткеніне біршама уақыт өтті. Алайда, ауыл тұрғындары әлі кұнге дейін тұмшаланып, бетперде тағуға мәжбүр болып отырмыз.  Шындығында ол бетперделерде мына сасыған иістен құтқарар емес. Осы күл-қоқыстың кесірінен балаларымыздың үстін жара қаптап кетті.», — дейді тұрғын Сәнім Төлегенова.

 

Маңайын өзіндік «жұпар» иісімен алып жатқан жағымсыз иістен әбден мезі болған тұрғындар осы мәселеге байланысты әкімдікке бірнеше рет шағымданып барған. Бірақ әлі күнге нәтиже жоқ деп ашынады.


«Арыз жазып жүргенімізге неше жыл болды. Мұнда әкім де келді, депутат та келді. Бәрі тек құр уәдемен кетеді. Бірақ тұншығып жатқан біз. Бұл иіс олардың мұрнына бармайды,»— дейді тұрғын Ләззат.

 

Айта кету керек, қоқыс алаңы кәсіпкер Нұрлан Сәдуақасовтың меншігінде. Кәсіпкердің айтуынша, бұл алаңда тұрмыстық қалдықтарды өңдеумен айналысатынын айтады. Тіпті, осы нысанды елсіз жерге көшіру үшін өзі де әкімдікке бірнеше рет өтініш беріпті.

«Әкімдік жер мәселесін шешіп берді. Шет жақтан жер бөлінді. Бірақ ол жердің инфрақұрылымы тартылмаған. Су, жарығын тартып берсе бірден көшемін,» — дейді Нұрлан Сәдуақасов.

 

Ал әкімдіктегілер қоқыс өңдейтін алаңға инфрақұрылым жүйесін жүргізу үшін 30 миллион теңгедей қаражат керек екенін атап өткен болатын. Бірақ қаржы әлі қарастырылмаған. Сондықтан мыңдаған тұрғынды тұншықтырған қоқыс алаңының қашан басқа жерге ауыстырылатыны әзірге жұмбақ күйінде қала бермек..