Қазақстанда әйелдер үшін жұмыс күнін қысқартуды ұсынды

1 433

Фото: instagram/ abdenkarakatМәжіліс отырысында депутат Қарақат Әбден премьер-министрге сауал жолдап, елде әйелдер үшін қысқартылған жұмыс күнін енгізу мәселесін ұсынды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Депутаттық сауалда “Ауыл” фракциясының депутаты соңғы жылдары аудан әкімі қызметіне тағайындалған әйелдер саны 8%-ға артқанын айтты. Дегенмен билікте әйелдердің санын көбейту үшін жүйелі өзгерістер керек дейді. 


“2023 жылы мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55,7% болса, басшылық қызметтегілердің үлесі небәрі 20,3%. Тәуелсіздік алғалы саяси лауазымда отырған әйелдердің үлесі 15%-дан асқан емес. IPU Parline рейтингіне сүйенсек, Қазақстан саясаттағы әйелдердің үлесі бойынша 183 елдің ішінде 124-орында. Бұл көрсеткіш бойынша Өзбекстан алдыңғы орында. Бұл елде былтыр парламент сайлауы өтіп, парламенттің заң шығарушы палатасында әйелдердің үлесі 38% болған. Ал Қазақстанда аймақтардағы мәслихаттағы әйелдердің үлесі 21%. Бірақ аймақтарда көрсеткіш әртүрлі. Мысалы, Түркістан облысында 21% ғана. Ал квазимемлекеттік секторда негізгі лауазымдағы ерлер саны әлі де басым”, – деді Қарақат Әбден. 

Мәжілісмен облыстық әкімдіктерде басшылық қызметтегі әйелдердің үлесі тек 10% екенін айтып, барлық облысты ерлер басқаратынын алға тартты. Әйелдер орынбасар қызметіне тағайындалып, негізгі “жұмыс күшіне” айналған екен. Сондай-ақ депутат тәулік бойы жұмыс істейтін балабақшалар ашып, жұмыс орындарында балалар бөлмесін жабдықтау керек дейді. 

“Ақылы декреттік демалыс мерзімін 2 жылға дейін ұзарту керек. Сонымен қатар жұмыс орнында әйелді қорғау және кемсітумен күрес мақсатындағы құқықтық жұмыстарды күшейткен жөн”, – деп түйіндеді ол.