"Әскери баспана" бағдарламасына құжат қабылдау басталды
"Отбасы Банк" "Әскери баспана" бағдарламасына қатысу туралы өтінімдерді онлайн форматта қабылдай бастады.
Бағдарламаның алғашқы айында лимит бойынша 700-ден астам әскери қызметшінің өтінімі қабылданды, ендігі өтінімдер келесі айда қабылданады.
"Бағдарламаға тұрғын үй төлемдерін алатын, Отбасы банкінде арнайы ағымдағы шоты бар және бұған дейін тұрғын үй төлемдерін жылжымайтын мүлік сатып алуға пайдаланбаған кез келген азамат қатыса алады", - деп жазылған банк хабарламасында.
Бағдарлама бойынша несие алу шарттары өзгеріссіз қалған: алғашқы/екінші нарықтан баспана сатып алу және жөндеу, алғашқы жарна 15% -дан басталады, пайыздық мөлшерлемесі – 8%, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 8,3%-дан басталады. Несие мерзімі - 25 жылға дейін.
"Баспана таңдауда ешқандай шектеу жоқ. Несиені жаңа немесе қолданыстағы тұрғын үйді сатып алу үшін пайдалануға болады. Сондай-ақ, меншіктегі тұрғын үйдің болуына қатысты да шектеулер қойылмаған. Несиенің рұқсат етілген ең жоғарғы сомасын клиент таңдауымен екі нұсқада есептеуге болады: ай сайынғы тұрғын үйдің төлемдері мен 15%-дан кем түспейтін депозитіндегі жинақ сомасына сүйене отырып немесе клиенттің нақты кірісі мен шығындарына негізделуге болады", - дейді банк.
Аталмыш бағдарлама бойынша несие алу үшін, үш қадамды орындау қажет:
1) Интернет-банкингте қатысуға өтініш беру (веб-нұсқасы https://online.hcsbk.kz );
2) Тұрғын үй табу;
3) Интернет-банкингте өтінім қабылданғаннан кейінгі 60 күн ішінде банк бөлімшесіне барып, несие алуға өтініш беру.
Жолданған өтінімдерді (интернет-банкингте) банк ведомство мен аймақтарға бөлмей, белгіленген лимит шеңберінде ай сайын қабылдап отырады. Егер тұрғын үй төлемдерін алушы осы айда қатысуға өтінім беріп үлгермесе, оны келесі айда жолдай алады.
Интернет-банкингке жіберілген өтінім оның мерзімі аяқталғанша, яғни 60 күн бойы жойылмайды. Осы уақыт аралығында тұрғын үй төлемдерін алушы баспана тауып, несие алуға өтініш беріп үлгермесе, құжат күшін жояды. Бұл жағдайда тұрғын үй төлемдерін алушы оны банкке қайта жолдай алады.